Өңірде жалпы 801 елді мекен бар, соның 794-і бүгінде бас жоспармен қамтылған. Қалған жеті елді мекеннің бас жоспарын 2026 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.
Сәулет және қала құрылысы саласындағы өзекті мәселелер облыс әкімдігі жанындағы мәжілісте арнайы қаралды. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты күшейтуді тапсырды.
Өңір сәулетін жаңарту
Өңір басшысы сәулет пен қала құрылысы бағытында еліміздің өзге аймақтарының және шетелдің озық тәжірибесін кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті. Аудан және қала орталықтарының сәулеттік келбетін жақсарту, урбанистикалық дамуды ілгерілету үшін нақты жұмыс кестесін бекітіп, жүйелі түрде іске асыру міндеті қойылды.
Сонымен қатар елді мекендердің бас жоспарлары мен құрылыс салу және даму схемаларын белгіленген мерзімде дайындау, сәулет-жоспарлау тапсырмалары мен эскиздік жобаларды келісу, пайдалануға қабылдау және мемлекеттік қала құрылысы кадастрының геопорталына уақтылы енгізу қажеттігі айтылды.

Облыстың сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асановтың мәліметінше, бас жоспарларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігіне байланысты облыс әкімдігімен бірлесіп 2025-2029 жылдарға арналған жол картасы бекітілген. Осы кезеңде 390 елді мекеннің бас жоспарын әзірлеу және түзету көзделген.
Оның ішінде 2025 жылы 106 елді мекен, 2026 жылы 84 елді мекен, 2027 жылы 76 елді мекен, 2028 жылы 65 елді мекен және 2029 жылы 59 елді мекен қамтылады. 2025 жылы облыстық басқарма тарапынан 30 елді мекеннің, ал аудан және қала әкімдіктері тарапынан 76 елді мекеннің бас жоспарын әзірлеу басталған.
Түркістанның сәулеттік келбеті
Аталған жұмыстар 2026 жылға өтпелі болып отыр. Сонымен қатар Түркістан облысы аумағын қала құрылысы тұрғысынан жоспарлаудың кешенді сызбасы әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдардан келісім алынған.
Өңірде қала мен ауылдардың сәулетін жақсартуға бағытталған жүйелі бастамалар қолға алынған.
Осы бағытта арнайы индикаторлар бекітілді. Олар облыстың қала және аудандарын дамыту, туризм саласына арналған концепциялар әзірлеу, аудан және қала орталықтарының сәулеттік дизайн кодын қалыптастыру, елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеу және түзету жұмыстарын қамтиды.
Негізгі мақсат заңсыз құрылыстың алдын алу, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету, құжаттарды уақтылы әрі сапалы дайындау және саланы толық цифрландыруға көшіру болып отыр.
Мәжіліс барысында облыс әкімі индикаторлардың орындалуы бойынша кемшіліктерге жол берген аудан және қала басшыларының есептерін тыңдап, нақты тапсырмалар жүктеді. Бірқатар аудан орталықтарын арнайы зерделеу және тексеру туралы шешім қабылданды.
Таяуда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қызметіне тағайындалғанына бір жыл толып, жұмысын қорытындылаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

