Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысында вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстарын талқылап, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында «Қазсушар» РМК облыстық филиалының өндірістік бөлімше басшылары өңірдегі шаруаларды суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.
Қазіргі таңда облыс бойынша 63 дана сорғы қондырғысын сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жабдықтар суару каналдарындағы су деңгейі төмендеген жағдайда пайдаланылмақ. Мамыр айының соңына дейін барлық қондырғылар өңірдегі өндірістік учаскелерге жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, облыста суару каналдарын механикалық тазарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл жыл басынан бері 316,9 шақырымды құрайтын 118 канал учаскесі тазаланған. Жалпы, жыл соңына дейін өңір бойынша 1800 шақырым канал тазаланады деп көзделуде.
Бұдан бөлек, Жетісай мен Шардара аудандарында ауыл шаруашылығына аса қажетті тік дренажға арналған 512 ұңғыманы қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын.
Министр Нұржан Нұржігітов есептерді тыңдап болғаннан кейін, бөлімше басшыларына тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына ерекше назар аударуды тапсырды.
– Әлеуметтік желілерде жазылған барлық пікір мен хатты жеке өзім бақылап отырамын. Сондықтан қай жерде қандай мәселе бар екенінен хабардармын. Министрлік тарапынан сала қызметкерлерінің жалақысы көтерілді, жүздеген жаңа техника сатып алынды. Бұдан былай кадр мен техниканың тапшылығын айтып ақталуға болмайды. Шаруалар көмек сұрап келгенше күтпей, бастаманы өздеріңіз көтеріңіздер. Барлық шағымдар жедел әрі сапалы қаралуы тиіс, – деді Нұржан Нұржігітов.
Сонымен қатар, министр кеңесте өндірістік учаскелерде кадрлық ротация жүргізуді тапсырды. Оның айтуынша, ұзақ уақыт бір қызметте отырған басшылардың орнын ауыстыру арқылы жұмыстың тиімділігін арттыруға болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







