Түркістан облысында енді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына кезекті алдын ала брондауға болады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облысы бойынша филиалы хабарлап отыр. 2026 жылғы 20 ақпаннан бастап Байдібек және Созақ аудандарының ХҚКО бөлімдерінде электрондық кезек талонын алдын ала брондау бойынша пилоттық жоба іске қосылады.
Жаңа жүйе азаматтарға орталыққа келетін күнін және уақытын алдын ала белгілеуге мүмкіндік береді. Бұл үшін «ЦОН» мобильді қосымшасын, электрондық үкімет порталы немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығын пайдалану қажет. Брондау сәтті өткен жағдайда өтініш берушіге SMS-хабарлама жіберіледі.
«Жаңа жүйе тұрғындардың уақытын үнемдеуге бағытталған. Бұрын ұзақ уақыт кезек күтетін азаматтар енді ХҚКО-ға алдын ала жазылып, өзіне ыңғайлы уақытта келе алады», – дейді Түркістан облыстық филиалының өкілдері.
Дегенмен, дайын құжаттарды беру және өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары бұрынғы тәртіппен, яғни алдын ала брондаусыз жұмыс істей береді.
– Айта кету керек, ерекше жағдайларда немесе алдын ала брондау мүмкіндігі болмаған еді. Енді қарт кісілерге, ерекше азаматтарға арнайы бір жұмыс орны қарастырылған, – дейді мамандар.
Сонымен қатар, «ЦОН» мобильді қосымшасын пайдалану үшін ЖСН және телефон нөмірі арқылы авторизациядан өту қажет.
Филиалдың айтуынша, пилоттық жобаның мақсаты азаматтардың жаңа жүйені қаншалықты қолайлы әрі тиімді пайдаланатынын анықтау. Талдау нәтижелері негізінде жүйені әрі қарай енгізу, функционалды жетілдіру туралы шешім қабылданады.
Айтқандай, тілшілерімізге Кентау қаласында соңғы үш жылда 200-ге жуық көпқабатты тұрғын үй жөнделіп, қаладағы тұрғын үй қорының 85 пайызы жаңғыртылғанын Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

