Бүгін елімізде жаңа Конституция жобасын қабылдауға байланысты республикалық референдум өтіп жатыр. Түркістан облысында халықтың белсенділігі жоғары, тұрғындар ел болашағы үшін аса маңызды шешімді қабылдауға белсене атсалысып, көтеріңкі көңіл-күймен дауыс беруде, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңірдегі барлық референдум учаскелері таңғы сағат 07:00-де Қазақстан Республикасының Әнұранымен өз жұмысын бастады. Алғашқы сайлаушылар ертемен келіп, дауыс беруде.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те алғашқылардың бірі болып, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде орналасқан №133 учаскеде дауыс берді. Мұнда 18 жасқа жаңа толған жастардан бастап, ардагерлер мен зейнеткерлер де белсенділік танытуда.
Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы 948 референдум учаскесі бар, оның ішінде 26-сы – жабық учаскелер. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының саны 2 миллион 154 мыңнан асады. Оның ішінде дауыс беру құқығына ие азаматтар саны – 1 187 257 адамды құрайды, бұл – облыс халқының 55,4 пайызы.

Облыста республикалық референдумға жоғары деңгейде дайындық жүргізілген. Референдумды ұйымдастыруға өңір бойынша 6380 комиссия мүшесі тартылған. Олардың қатарында 1 облыстық комиссия (7 мүше), 17 аумақтық комиссия (119 мүше), 948 учаскелік комиссия (6254 мүше) жұмыс істеп жатыр. Комиссия мүшелерінің 97 пайызы референдум және түрлі деңгейдегі сайлау науқандарын өткізу бойынша тәжірибелі мамандар. Сондай-ақ, бақылаушылар да референдумның әділ және ашық өтуін тұрақты түрде қадағалап отыр.
Барлық референдум учаскелері қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың да дауыс беруіне қолайлы жағдайлар жасалған. Биылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша өңірде 16 601 ерекше қажеттілігі бар азамат болса, оның ішінде 4 мың адам қоларбада отырады, 8171 азаматтың көру, ал 4430 адамның есту қабілеті нашар. Барлық санаттағы азаматтарға референдум учаскелерінде тиісті жағдайлар қарастырылған.
Жалпы Түркістан облысында референдум жоғары деңгейде өтіп, тұрғындардың белсенділігі ерекше байқалуда. Дауыс беру процесі жалғасып жатыр.
Айтқандай, ұйқы безінің қабынуына қарсы зерттелген ең тиімді дәмдеуіш – куркума екенін білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







