Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен іске қосылған «Айқын нәтиже» пилоттық жобасы құқық қорғау саласына жаңа серпін беріп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сайрам ауданында және Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жобаның негізгі мақсаты қылмыстық істер бойынша заңдылықты нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықтың құқық қорғау жүйесіне деген сенімін арттыру.
Жақында Түркістан облысы прокуратурасында «Айқын нәтиже» жобасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс топтарының кезекті отырысы өтті. Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында қолға алынған шаралардың аралық нәтижелері сараланды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы қылмыс деңгейі 7,9 пайызға төмендегенімен, алаяқтық қылмыстар әсіресе, интернет-алаяқтықтың күрт артуы (40 пайызға) халықты алаңдатқан болатын.
Осыған байланысты облыс прокуратурасы профилактикалық жұмысты күшейтіп, жауапты мекемелердің өзара үйлесімділігін арттырды. Жүйелі түрде қабылданған нақты шаралардың нәтижесінде биылғы қаңтар айында алаяқтық қылмыстар 17,9 пайызға, ал интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер 15,6 пайызға төмендеді.
Сондай-ақ, жұмыс топтары кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, бұзақылық, ұрлық пен тонау, жол-көлік оқиғалары және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың алдын алу бағытында қосымша шаралар әзірлеуді қолға алды.
Жиын қорытындысында облыс прокурорының орынбасары А.Саттар жұмыс топтарына нақты міндеттер жүктеді. Оның ішінде:
-
Құқық бұзушылықтардың шынайы себептерін анықтау;
-
Тергеп-тексеру мен прокурорлық қадағалау сапасын арттыру;
-
Халықпен кері байланысты күшейту;
-
Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету.
А.Саттар жұмыс топтарын нақты нәтижеге бағытталған белсенді жұмыс атқаруға шақырып, қоғамның сенімі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты басымдық болып қала беретінін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

