Түркістан облысы еліміздегі аграрлық саланың негізгі орталығы ретінде су ресурстарын тиімді пайдалануға ерекше назар аударып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл мәселе әсіресе өңірдегі 575 мың гектар суармалы жердің үздіксіз әрі толық сумен қамтылуы үшін аса маңызды. Оның ішінде трансшекаралық су ресурстары, әсіресе «Достық» магистральдық каналының орны ерекше.
Жақында Түркістан қаласында Қазақстан мен Өзбекстанның су шаруашылығы саласындағы әріптестігін нығайту мақсатында маңызды кездесу өтті. Жиынға Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Тараптар трансшекаралық су көздерін бірлесіп пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және «Достық» каналын жөндеу мен тазалау мәселелерін талқылады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кездесуде су қауіпсіздігі өңір экономикасы үшін стратегиялық мәнге ие екенін ерекше атап өтті.
– «Достық» каналы Түркістанның оңтүстік аудандарындағы 140 мың гектардан астам егістік жерге су жеткізіп отыр. Өңірдің ауыл шаруашылығы мен экономикалық тұрақтылығы үшін өте маңызды инфрақұрылым. Сондықтан каналды тазалау, жөндеу және су үнемдеу жұмыстарын күшейту басты міндетіміз, – деді әкім.
Бұл мәселелер облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының да жіті бақылауында. Жетісай ауданында мәслихат төрағасы Медет Қасымов «Достық» магистральдық каналынан тарайтын К-21 және К-21-4 каналдарының жағдайымен танысып, тұрғындармен кездесті. Шаруаларға су ресурстарын тиімді пайдалану, сор шаю жұмыстарын дер кезінде ұйымдастыру және келісім-шарттарды уақытылы рәсімдеу бойынша нақты ұсыныстар айтылды.

Ал Мақтаарал ауданында облыстық мәслихат депутаты Жарқынбек Қанаев шаруалармен бас қосып, су тапшылығын болдырмау шараларын талқылады. Каналдарды тазалау мен сор шаю жұмыстарын жандандыру бойынша да маңызды ұсыныстар берілді.
Қазіргі таңда «ҚазСушар» мекемесінің Түркістан филиалы Жетісай ауданындағы 57,3 мың гектар, Мақтаарал ауданындағы 43,5 мың гектар алқапта белсенді түрде сор шаю жұмыстарын жүргізуде. Мамандар бұл әдіс жердің тұздануына қарсы күрестің тиімді жолы екенін атап өтуде. Жоспарға сәйкес, барлық жұмыстар наурыздың алғашқы онкүндігінде аяқталады деп күтілуде.
Осылайша, Түркістан облысында су қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары кешенді түрде жүзеге асып, өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтуға және оның тұрақты дамуына жол ашып отыр.
Түркістан облысында әлемдік деңгейдегі спорттық киімдер шығаратын кәсіпорын ашу мәселесі талқыланды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

