Түркістан облысы Ақсу ауылының тұрғыны Владислав Голярко қалдықтарды қайта өңдеуді табысты бизнеске айналдырып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Экологиялық жоба Жаһандық экологиялық қор мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен берілген шағын грант арқылы жүзеге асқан. Бастапқы қаржыға кәсіпкер қоқысты бөлек жинайтын арнайы контейнерлер орнатып, бұл бастамаға ауыл тұрғындарын тартқан.
Жүйенің жұмысы өте қарапайым: жергілікті тұрғындар пластик, шыны және қағазды өздері сұрыптап, белгіленген контейнерлерге жинайды. Кейін олар қайта өңдеуге жіберіліп, одан түскен табыстың бір бөлігі қайтадан тұрғындарға қайтарылады. Тұрғындар қаржыны қайда жұмсайтынын өздері шешеді.
Уақыт өте келе бұл жоба кеңейіп, қосымша мобильді сервис іске қосылған. Қазір ауыл тұрғындары сұрыпталған қоқыстың суретін жіберіп, мекенжайын көрсетсе, кәсіпорын қызметкерлері қалдықтарды жедел алып кетеді. Бұл қызмет ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы әрі танымал болған.
Қазіргі таңда Владиславтың бастамасына шамамен 1000 отбасы, 200 кәсіпорын және 11 мектеп қосылып отыр. Өндіріс цехында 12 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс істейді. Олар жыл сайын 300 тоннадан астам шикізатты қайта өңдеуге жөнелтеді.
Владислав Голярконың бұл жобасы қарапайым бастаманың ірі экологиялық қозғалысқа айналып, ауыл тұрғындары үшін нақты пайда әкелетінін дәлелдеді. Бұл тәжірибе өзге де өңірлерге үлгі болары сөзсіз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







