Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жобалар қарқынды жүзеге асуда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы жұмыстардың аясында Түлкібас ауданында «MK ALTYN NAN» ЖШС-нің ұн өндіретін зауыты қайта жаңғыртылып, толық қуатымен іске қосылды. Зауыттың жұмысымен арнайы танысқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл кәсіпорынның өңір экономикасына тигізер пайдасын жоғары бағалады.
Өңір басшысы кәсіпорын ұжымымен кездесу барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспортқа бағытталған өндірісті дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында ауыл шаруашылығын өркендетіп, өнімдерді терең өңдеу үлесін арттыру туралы тапсырмасы бар. Бүгін іске қосылған зауыт – осы міндеттің нақты жүзеге асқан көрінісі. Бұл жоба өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, экономикалық дамуға тың серпін береді. Жобаны жүзеге асырған инвесторларға алғыс білдіремін. Кәсіпорын қуатын кеңейтуге де қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Айта кетсек, бұл диірмен кешені алғаш рет 1986 жылы іске қосылып, кейін 2018 жылы тоқтап қалған болатын. 2024 жылдың желтоқсанында кәсіпорын толық жаңғыртылып, қазіргі таңда жылына 120 мың тонна бидай өнімін өңдеуге қауқарлы деңгейге жетті. Жаңартылған өндірісте бүгінде 140 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Түлкібаста өндірілген ұн Қазақстанның ішкі нарығымен қатар Өзбекстан, Түркіменстан және Ауғанстан елдеріне экспортталып жатыр. Алдағы уақытта кәсіпорын басшылығы өндіріс қуатын одан әрі арттырып, экспорт көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Бұл өндіріс орны өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына айтарлықтай үлес қосады деп күтілуде.
Түркістан облысында әлемдік деңгейдегі спорттық киімдер шығаратын кәсіпорын ашу мәселесі талқыланды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

