Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт саласының жыл қорытындысына арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Конгресс холл» кешенінде ұйымдастырылған іс-шараға аймақтың спорт майталмандары, халықаралық додалардың жеңімпаздары мен жаттықтырушылары қатысты.
Салтанатты кеш «Чемпион боламын» атты әсерлі әрі тағылымды театрландырылған қойылыммен басталып, 2025 жылы атқарылған игі істер туралы арнайы бейнероликпен жалғасты. Жиналған көпшілік назарына әсем ән мен көркем би ұсынылды.
Жылдың үздік спортшыларына арналған марапаттау рәсімінде бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиада үміті Сәкен Бибосынов, каратэден халықаралық жарыстардың жүлдегері Әсел Қанай, сурдо дзюдодан Сурдлимпиада чемпиондары Шадияр Қуандық пен Тоқтарбек Айдарбек, сондай-ақ пара дзюдодан әлем чемпиондары мен өзге де дүбірлі додаларда ел намысын қорғаған спортшылардың есімдері зор құрметпен аталды. Жалпы саны 25 үздік спортшы арнайы марапатқа ие болды.
Сонымен қатар облыстық футбол біріншілігінде ерекше көзге түскен әуесқой командалардың үздік ойыншылары мен төрешілері арнайы номинациялармен марапатталды.
Спорт саласы бойынша «Үздік қала» аталымын облыс орталығы – Түркістан қаласы жеңіп алды. Ал үздік аудандар ретінде спорт саласында үлкен серпіліс жасаған Төлеби мен Шардара аудандары танылды. Бұдан бөлек үздік жаттықтырушылар, спорт федерациялары мен спорт мекемелерінің жетекшілері және осы саладағы мамандар да марапатсыз қалмады.

Марапаттау рәсіміне қатысқан Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев салтанатты жиынға жиналған жұртшылықты құттықтап, үздіктерді марапаттады. Жиында сөз сөйлеген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров өңір спортшылары үшін биылғы жыл өте табысты болғанын, алдағы уақытта бұл жетістіктер жалғасын табатынын айтты.
766 спортшы, 63 спорт түрі: Түркістан қалай кеңейді
Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей қолдауымен Түркістан өңірінде бұқаралық спорт пен кәсіби спортты дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Қазіргі таңда өңірде 100 мемлекеттік, 179 жекеменшік спорт мекемесі жұмыс істеп тұр. Жалпы саны 89 мыңнан аса спортшы спорттың 63 түрімен тұрақты айналысып келеді. Биыл түркістандық спортшылар Әлем, Азия және Қазақстан чемпионаттарында барлығы 1668 медаль жеңіп алып, аймақтың атын халықаралық деңгейде асқақтатты.
Әсіресе пара дзюдо, бокс, күрес, каратэ, байдарка мен каноэ есуден және садақ атудан тарихи жеңістерге қол жеткізді. Биыл өңірде халықаралық дәрежедегі 5 спорт шебері, Қазақстан Республикасының 74 спорт шебері, сондай-ақ спорт шеберлігіне үміткер 745 спортшы дайындалды.
Қазіргі уақытта ұлттық құрама сапында 766 түркістандық спортшы бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 150 спортшыға артқан. Өңірде спортпен тұрақты түрде айналысатын халықтың саны 851 мыңға жетті, бұл жалпы облыс халқының 42,8 пайызы.
Биыл жыл басынан бері аймақта 3200-ден астам спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 273 мыңнан астам тұрғын белсенді қатысты. Түркістан облысы келер жылы да спорт саласындағы жетістіктерін еселеп, еліміздің беделін халықаралық ареналарда одан әрі нығайтуға ниетті.
Бүгенде Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын жетілдіру, бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар қарқынды түрде жалғасып жатыр.

