Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Келес ауданында салынып жатқан «Ecoculture-Eurasia» жылыжай кешенінің құрылтайшысы Алмас Дауытовты қабылдады.
Кездесу барысында тараптар осы маңызды агроөнеркәсіптік жобаның іске асырылу барысын кеңінен талқылап, алдағы жоспарларын ортаға салды, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Келес ауданындағы «Ecoculture-Eurasia» өнеркәсіптік жылыжай кешені – өңіріміздің агроөнеркәсіптік дамуына айрықша серпін беретін ірі жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі екенін бірнеше мәрте айтты. Осы бағытта елімізде ауыл шаруашылығы өндірісін дамытып, импортқа тәуелділікті азайту басты мақсаттардың бірі болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, «Ecoculture-Eurasia» компаниясының жылыжай кешенін іске қосуының маңызы зор.
Мұнда жылына 25 мың тонна қызанақ өндіріліп, өңір халқын жыл бойы сапалы өніммен қамтамасыз етеді. Бұл ішкі нарықты тұрақтандырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға нақты үлес қосады. Әсіресе, жергілікті тұрғындарды оқыту мен мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше мән берілгені қуантады. Бұл – әлеуметтік жауапкершіліктің және ұзақмерзімді жоспарлаудың жарқын үлгісі. Біз әкімдік тарапынан барлық қажетті ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық қолдауды көрсетеміз. «Ecoculture-Eurasia» компаниясымен сенімді әрі нәтижелі серіктестік орнайтынына еш күмән жоқ, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

«Ecoculture-Eurasia» ЖШС құрылтайшысы Алмас Дауытов жоба бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізіп, қазіргі атқарылған жұмыстарды баяндап берді.
– Өңір қазір өте қарқынды даму үстінде. Біздің жүзеге асырып отырған ауқымды жобамыз да облыстың әлеуметтік-экономикалық өсіміне жаңа серпін береді деп сенемін. Жылыжайға қажетті инфрақұрылым толық жеткізілді. Ресейлік серіктестеріміз де жергілікті әкімдіктің көрсеткен қолдауына ризашылығын білдіруде. Алдағы уақытта жастарды Ресейге тәжірибе алмасуға жіберуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар жыл бойына, яғни жылдың төрт мезгілінде тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жылыжай кешенінің аумағын кезең-кезеңімен 500 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз, – деді Алмас Дауытов.
Облыс әкімі өз кезегінде Келес ауданында шағын өндірістік парк құрылысы қолға алынғанын атап өтті. Бұл паркте жылыжайда өндірілген өнімдерді қаптау, өңдеу және консервілеу цехтарын ашуға барлық мүмкіндік жасалған. Нұралхан Көшеровтің айтуынша, бұл логистикалық шығындарды азайтып, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қосымша серпін береді.
Түркістан жылыжай салудан алда келеді
Жылыжай кешенін салуға жалпы сомасы 42 млрд теңге инвестиция тартылған. Жылыжайда жыл сайын 25 мың тонна қызанақ өнімін өндіру жоспарланып отыр. Жоба толық іске қосылған кезде 800 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жобаны «Қазақстанның Даму банкі» АҚ қаржыландыруда. 2023 жылы жобаға 23,5 млрд теңге бөлінген.
Кешен толықтай Нидерланд елінен жеткізілген заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда кешеннің 40 гектар аумағында жылыжай блоктарының металл конструкциялары орнатылып, сыртқы және ішкі инженерлік желілер бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Сонымен бірге әкімшілік-тұрмыстық кешен, материалдық-өндірістік қоймалар мен бақылау-өткізу пункті салынып жатыр. Қазандық пен төтенше жанар-жағармай қоймасының құрылысы аяқталды.

Қазірдің өзінде 8 жылыжай блогы мен техникалық дәліздің құрылысы қарқынды жүріп жатыр, оның 4 блогы мен техникалық дәліз толығымен іске қосылды. Жылыжайдың ресми ашылуы осы көктемге жоспарланған.
Айта кету керек, өткен жылы өңірдегі жылыжайлар көлемі 75 гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 1715 гектарға жетті. Осы арқылы Түркістан облысының республикадағы жылыжай шаруашылығындағы үлесі 76 пайызға жетті. Өткен кезеңде жылыжайлардан 150 мың тонна көкөніс, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон және 13 мың тонна құлпынай өнімі жиналды.
Айтпақшы, Түркістан облыстық прокуратура мен Полиция департаменті халықты интернет алаяқтықтан қорғап, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту үшін профилактикалық шара ұйымдастырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

