Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры көрермендер назарына жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Табалдырығыңа табын» атты драмасын ұсынады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қойылымның режиссері Айдар Наурызбаев. Қоюшы суретші Қанат Шериев спектакльдің көркемдік шешімі мен сахналық безендірілуін асқан шеберлікпен іске асырды. Ал костюм суретшісі Маржан Досанқұлова кейіпкерлердің болмысын ашатын киім үлгілерін әзірлеген. Ал театрдың көркемдік жетекшісі мәдениет саласының үздігі Бағлан Төлендиев.
Спектакльде қоғамда жиі кездесетін өзекті тақырып – ата-ана қадірін білмейтін перзенттің қателігі көрсетіледі. Қойылымның негізгі кейіпкері университет ректоры болса да, ауылдағы қарт ата-анасынан қол үзіп, олардан хабарсыз қалған ұлдың өмірін баяндайды. Анасы қайтыс болғанда да туған жеріне келіп, бір уыс топырақ салуға жарамаған оның әрекеті арқылы бүгінгі күнгі рухани құндылықтарымыздың әлсірегені көрініс табады.
Шығармадағы оқиғалар уақыттың қатал сынағы арқылы өрбиді. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген халық даналығы спектакльдің өзегіне айналып, әкенің тағдыры ұлының өмірінде қайталануы арқылы көрерменге терең ой салады.
Қойылым ата-ана алдындағы парыз, адамгершілік қағидалары мен рухани байлықтың маңызын айшықтап, көпшілікті ішкі әлеміне үңілуге шақырады.
Спектакльде театрдың талантты актерлері – Жасұлан Тұрғанбаев, Жандос Маханов, Жадыра Сейдахметова, Асел Қожабекова, Асанәлі Айдарұлы, Бекарыс Малдыбек, Талғат Қарынбаев, Ғалымжан Бейсенбаев, Алмагүл Индемесова, Аяз Ильясов, Шакен Амантуров, Нұрбағлан Джумабаев, Бақдаулет Шаймахан, Аружан Нышанбай өз рөлдерін шебер сомдайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







