Түркістан облысының орталығында «QazEcoPack» ЖШС-ның полиэтилен қаптамалары мен скотч шығаратын өндіріс орны ашылды. Зауыттың ресми ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, зауыт ұжымын құттықтады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
– Алдымен баршаңызды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде нақты тапсырма берген болатын.
Бүгін біз осы бағыттағы игі бастаманың куәсі болып отырмыз. «TURAN» арнайы экономикалық аймағында іске қосылған жаңа өндіріс орны өңіріміз үшін өте маңызды. Бұл кәсіпорынның ашылуы Түркістан облысының экономикалық дамуына, импортты алмастыруға және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға зор үлес қосады. Жобаны іске асырып жатқан Халмет Думан ағамыз бен зауыт ұжымына табыс, сәттілік тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.
Зауыт директоры әрі құрылтайшысы Думан Халмет өз кезегінде жаңа жобаны жүзеге асыру барысында облыс әкімдігі тарапынан үлкен қолдау көрсетілгенін атап өтіп, ризашылығын білдірді.
«QazEcoPack» компаниясының басты мақсаты еліміздегі полиэтилен өнімдері нарығын сапалы әрі қолжетімді отандық тауармен қамтамасыз етіп, импорт көлемін азайту және қайта өңдеу саласының дамуына үлес қосу. Жоба кезең-кезеңмен іске асырылуда. Қазіргі уақытта өндірістің бірінші кезеңі толықтай іске қосылып, жылына 1 млн 500 мың дана скотч шығару жоспарланған. Өнімдер Қазақстанмен қатар ТМД елдерінің нарығына шығарылатын болады.

Келесі кезең 2026 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Бұл кезеңде жылына 350 мың келі стрейч-пленка мен 80 мың дана ауа-көпіршікті пленка өндірісі басталмақ. Ал 2027 жылы үшінші кезең іске қосылып, жылына 500 мың келі полиэтилен өнімдерін өндіру көзделуде.
Қазіргі таңда зауытта 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Алдағы кезеңдерде жұмысшылар саны біртіндеп арттырылып, жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.
Жобаның жалпы құны – 1,21 млрд теңге. Қазіргі уақытта ауданы 1440 шаршы метр болатын алғашқы өндірістік ғимарат жұмысын бастады. Алдағы уақытта жалпы аумағы 5760 шаршы метрді құрайтын тағы 4 өндірістік ғимарат салынбақ.
Түркістан облыстық мәслихатының сегізінші шақырылымындағы жиырма бірінші кезекті сессиясы өтіп, көптеген мәселелер талқыланды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

