Түркістан қаласында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әлемнің жарығы – ана» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты кеште облыстың өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген ардақты аналарға, аяулы аруларға ерекше құрмет көрсетілді.
Түркістан музыкалық-драма театрында өткен мерекелік шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, барша әйелдер қауымын көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтады.
– Сіздерді ең жарқын, ең жылы мереке – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Бұл күн – тек көктемнің ғана емес, сұлулық пен жылулықтың да мерекесі. Әрбір отбасындағы бақ пен берекенің, ынтымақ пен бірліктің негізі сіздердің мейірімдеріңіз бен қамқорлықтарыңыздың арқасында орнайды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, дәстүріміз бен ана тіліміздің сақталуы – ең алдымен, аналардың еңбегі. Бүгінгі қазақстандық әйел – отбасына тірек болып қана қоймай, қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші.
Ал Түркістан облысы еліміздің демографиялық өсімінің алтын қазығы, берекенің, бірліктің орталығы. Өңіріміздегі 214 мыңнан аса кәсіпкердің 88 мыңы – нәзік жандылар. Бұл – аймақтағы шағын және орта бизнестің 41%-ын әйелдер басқарып отыр деген сөз. Біздің өңір республика бойынша көпбалалы аналар санынан көш бастап тұр.

Былтырдың өзінде облыста 45 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Бүгінде Түркістан облысында 191 мыңнан астам көпбалалы ана бар. 18 мыңнан аса ана «Алтын алқа», 45 мыңнан астам ана «Күміс алқа» иегері атанып отыр. Біз үшін әрбір ананың амандығы, әрбір әйелдің бақыты аса маңызды. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, шаңырақтарыңызға шаттық, әр күніңізге шуақты көңіл-күй тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.
Салтанатты шарада аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар ана мен қыз-келіншек облыс әкімінің арнайы Алғысхаттарымен және мемлекеттік марапаттармен марапатталды.
Мерекелік кеш одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты. Сахнада «Vivat» би ансамблі «Көктем шуағы» атты музыкалық-хореографиялық қойылымын көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар елімізге белгілі өнерпаздар Медет Салықов, Клара Төленбаева, әнші Баянсұлу, республикалық байқаулардың лауреаты Данияр Барыс, Сырым Исабаев, «Жаңа леп» өнер ұжымы және өңірдің талантты жастары ана тақырыбы мен көктем мерекесін жырға қосты.
Концерт барысында көрермендерге «Қазақ қызы» музыкалық композициясы ұсынылды. Өнерлі балалар мен бишілер кештің сәнін келтіріп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, Түркістан облысында аналар мен әйелдерді қолдауға, олардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңірде нәзік жандылардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруына барынша жағдай жасалған.
Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтың бастамасымен мал шаруашылығын дамытуда шаруаларды кооперативтерге біріктіру бағытында жұмыстар жүргізіп жатқанын тілшілеріміз жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







