Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан қуаты 1000 МВт бу-газ электр стансасының құрылысымен танысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сайрам ауданында орналасқан бұл станса ұлттық электр желісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған. Нысан 4 газ турбинасы, 4 кәдеге жарату қазандығы және 2 бу турбинасынан тұрады. Стансада пайдаланылатын бу-газ қондырғысының технологиясы – қазіргі энергетикадағы ең тиімді әрі экологиялық таза шешімдердің бірі. Оның басты ерекшелігі газдың пайдаланылған жылуын қайталай іске қосып, қосымша қуат өндіруге мүмкіндік беруінде. Станса маневрлі қабілетінің арқасында энергия тапшылығы кезінде желіге қажетті қуатты жылдам бере алады.
– Ұлттық құрылтайда Президент энергияны көп қажет ететін экономиканы дамыту үшін жаңа қуат көздерін іске қосудың маңызын атап өткен болатын. Энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып, жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – Үкімет алдындағы басты міндеттердің бірі. Түркістан облысының қазіргі дамуы қарқынды, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында әлеуеті зор. Сондықтан бу-газ стансасының іске қосылуы аймақтың энергиямен қамту мүмкіндігін арттырып, жаңа инвестициялық жобаларға жол ашады, – деді Олжас Бектенов.
Жобаны іске асырып жатқан «Түркістан БГҚ» компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Бүркітовтің айтуынша, станса 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Қазірдің өзінде негізгі ғимараттың және электр тарату құрылғыларының іргетасы құйылып, Siemens Energy компаниясының төрт газ турбинасы орнатылған.

Жоба бойынша құрылыс жұмыстарын қазақстандық және оңтүстіккореялық компаниялардың бірлескен консорциумы атқарып жатыр. Құрылыс алаңында мыңнан астам маман мен 150 арнайы техника жұмылдырылған. Бүгінде ғимараттардың металл қаңқалары көтеріліп, қабырғалары жабылуда. Қажетті технологиялық жабдықтар толығымен жеткізілген. Нысан пайдалануға берілгенде 600-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Контекст
Қазіргі уақытта Түркістан облысы шамамен 445 МВт электр энергиясын тұтынады, ал аймақтағы ішкі генерация көлемі – 136,5 МВт. Жаңа электр стансасы толық іске қосылғанда өңірдегі энергия тапшылығын толықтай жойып, желідегі жүктеме артқан кезде қосымша қуатты қамтамасыз етеді.
Энергетика министрлігінің мәліметіне сәйкес, былтыр Қазақстанда 123,1 млрд кВт·сағат электр энергиясы өндірілген. Биыл елімізде жаңа қуат көздерін іске қосу арқылы қосымша 1980 МВт өндіру көзделген. Оның ішінде бу-газ стансаларының рөлі ерекше.
Үкімет басшысы Энергетика министрлігі мен «Samruk-Kazyna Construction» компаниясына стансадағы төрт газ турбинасын жоспарланған мерзімде іске қосуды, барлық экологиялық талаптарды сақтап, нысанды желілік инфрақұрылыммен толық үйлестіруді тапсырды.
Түркістан облысында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына жалғасуда Премьер-министр Олжас Бектенов арнайы қатысты. Ол Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылындағы тарихи «Ақ-Ата» бұлағын тазартып, абаттандыру жұмыстарын жергілікті тұрғындармен бірге атқарды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







