Павлодардағы №45 түзеу мекемесінің бұрынғы басшысы мемлекеттік құпияны ашып, лауазымын асыра пайдаланғаны үшін алты жарым жылға сотталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қалалық сотта қаралған іс материалдарына сүйенсек, бұрынғы шенді қызметкер түрмеде жазасын өтеп жүрген кейбір сотталғандарға артықшылықтар мен жеңілдіктер ұсынған. Ол осы қызметті қаржылық сыйақы есебінен атқарып отырған.
Тергеу амалдары барысында оның колониядағы қызметтік міндеттерін теріс мақсатта пайдаланғаны, қызмет бабындағы маңызды ақпараттарды сыртқа таратқаны толықтай анықталған.
Мемлекеттік айыптаушының ұтымды дәлелдері мен тергеу органдарының тиянақты жұмысының нәтижесінде айыпталушының кінәсі толық дәлелін тапты.
Қылмыстық іс материалдарында келтірілген дәйектердің ауырлығын ескере отырып, сот бұрынғы мекеме басшысын алты жыл алты айға бас бостандығынан айырды. Бұдан бөлек, ол «подполковник» арнаулы шенінен және мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан біржолата айырылды. Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.
Осыған дейін Шымкентте ірі көлемде ақша жымқырған Әуезов университетінің экс-басшылары сотталған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

