Қазақстанда екінші нарықтағы тұрғын үй бағасы наурыз айында бірден 1,5 пайызға арзандады. Мұндай жағдай былтырдан бері алғаш рет байқалып отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, ақпан айында баға керісінше, 1,5 пайызға өскен еді. Наурызда ел бойынша зерттелген ірі қалалардың 12-сінде пәтер құны арзандаса, бес қалада өзгеріс болмаған. Баға тек Қызылордада (1%), Өскеменде (1,1%) және Семейде (0,5%) ғана өскен.
Баға арзандауы бойынша көш басында Алматы қаласы, мұнда пәтерлер бір айда 2,6 пайызға төмендеген. Астанада баға 0,9 пайызға арзандаса, Шымкентте өзгеріс жоқ.
Жалпы алғанда, биыл бірінші тоқсанда екінші нарықтағы пәтерлердің бағасы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 12,9 пайызға қымбаттаған. Сондай-ақ 2025 жылғы қазан-желтоқсан айларымен салыстырғанда өсім 2,9 пайызды құраған. Жылдық өсім жағынан Алматы (+20,7%), Павлодар (+15,1%) және Ақтөбе (+13,9%) қалалары алда тұр. Бағаның жылдық деңгейде төмендеуі ешбір қалада тіркелмеген.
Алғашқы нарықтағы (жаңа тұрғын үйлер) пәтер бағасы наурызда 1 пайызға көтерілді. Көптеген қалаларда өзгеріс болмағанымен, Астанада жаңа баспана 2,2 пайызға қымбаттады. Биыл алғашқы үш айда жаңа пәтерлердің бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6 пайызға өскен.
Жалға берілетін тұрғын үйлер бір ай ішінде орташа алғанда бір пайызға арзандаса, 2025 жылдың басымен салыстырғанда 3 пайызға қымбаттады. Наурызда жалдамалы баспана бағасы ең қатты төмендеген қала – Өскемен (-2,6%), ал ең тез қымбаттаған қала – Талдықорған (+2,1%).
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







