Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда жаздық дақылдар 388 мың гектар алқапқа егілген. Шаруаларды қолдау үшін «Кең Дала» бағдарламасы аясында 1 441 жоба қаржыландырылған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Егіс науқанын уақытылы жүргізу мақсатында диқандарға 15 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай таратылып, алқаптарға 54 мың тонна тыңайтқыш енгізілген. Өңірде көктемгі жұмыстармен қатар алдағы суғару маусымына дайындық та қатар жүріп жатыр.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков көктемгі дала жұмыстарының барысын талдап, аудан және қала әкімдіктеріне тыңайтқыш жеткізу мәселесін жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, отандық өндірушілермен бірлесіп, қажетті көлемдегі өнім қысқа мерзімде аудан орталықтарына жеткізілуі керек.
Өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу де негізгі бағыттың біріне айналған. Қазір 531 шаруа қожалығы осындай жүйелерді орнату бойынша келісімшарт жасап, тиісті қондырғыларды енгізуді бастаған. Жалпы облыс көлемінде биыл 34 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізу жоспарланып отыр.
Бұл бағыттағы жұмыс өткен жылы да нәтиже берген. 114 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 195 млн текше метр су үнемделген.
Нұрбол Тұрашбеков ағын суға бақылауды күшейту қажеттігін де айтты. Бөлінген су лимиті мен кезектілік қатаң сақталуы тиіс. Жауапты тұлғаларға егіс алқаптарын тікелей аралап, жағдайды тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Түркістан облысы үшін су мәселесі стратегиялық маңызға ие. Сондықтан өңірде егіс көлемін сақтай отырып, суды тиімді пайдалану және жаңа технология енгізу негізгі басымдықтардың біріне айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







