Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат сот тағайындаған жазаны толық өтеп, түрмеден босап шықты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы ақпаратты Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ресми түрде растады.
Қоғамда үлкен шу туғызған оқиға 2023 жылдың ақпан айында Алматыда болған еді. Сол кезде Нұрасыл Болат адвокаттар Олег Чернов пен Анна Черноваға қол жұмсаған. Жәбірленушілердің айтуынша, олар агрессияға ұшыраған қызды қорғауға тырысқан кезде өздері де зардап шеккен.
Кейінірек белгілі болғандай, Болат осы оқиға кезінде әскери борышын өтеп жүрген және әскери бөлімде болуы тиіс еді.
Алматы соты 2023 жылдың қазан айында оны «қасақана денсаулыққа орташа зиян келтіргені үшін» кінәлі деп танып, 1,7 млн теңге айыппұл салған. 2024 жылдың мамырында Жоғарғы сот істі қайта қарап, айыппұлды екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды. Сонымен бірге моральдық өтемақы сомасы әр жәбірленушіге 1 млн теңгеге дейін арттырылды.
Алайда…
Нұрасыл Болат бірнеше рет пробация талаптарын бұзып, түнгі уақытта қоғамдық орындар мен мейрамханаларға барып, той-жиындарда жүргені анықталды.
Соған байланысты 2024 жылдың қазан айында сот оның өтелмеген жазасын нақты бас бостандығынан айыруға ауыстырды. Болат сот залында қамауға алынды, ал апелляциялық инстанция шешімді өзгеріссіз қалдырды.
2025 жылы Нұрасыл Болат жазасын жеңілдету туралы өтініш түсіріп, түзелгенін айтқан болатын. Оның өтінішін прокурор да, жәбірленушілер де қолдағанына қарамастан, сот жүйелі бұзушылықтар мен түзелгендігіне жеткілікті дәлел жоқ екенін алға тартып, өтінішті қанағаттандырмады.
Ақыры Нұрасыл Болат тағайындалған жазаны толық өтеп, бостандыққа шықты. Бұл іс алғашқыда жеңіл жаза берілуімен, одан кейінгі пробация шарттарын бұзуымен ел назарын ерекше аударып, қоғамда қызу талқыланған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







