Әнші Меруерт Түсіпбаева алдағы уақытта Алматыдағы Бостандық аудандық сотында жауап беруі мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Дизайнер Жадо әншіні «жала жапты, қорлады» деген уәжбен қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап отыр. Сонымен бірге азаматтық талап ретінде 20 млн теңге моральдық өтемақы өндіріп беруді талап еткен.
Даудың түбі Түсіпбаеваның желідегі жазбасына барып тіреледі. Ол дизайнердің сырт келбетін сынап, «талғамсыздық» деп бағалап, білім алуға кеңес беріп, басы дауға қалады.
Жадо сол жазбаны көпшілік алдында ар-намысқа тиетін сөз деп есептейді. Дизайнердің директоры Ринат Таттыбай ұстанымын жасырмай айтты.
– Меруерт жария түрде Жадоны қорлады, қадір-қасиетін түсірді. Сондықтан біз сотқа жүгіндік, – дейді ол.
Оның айтуынша, жазбадан кейін Жадоның жағдайы нашарлап, тіпті есінен танып қалған сәттері болған. Енді емделуге кеткен бар шығынын өндіріп алуға бекініп отыр.
Ал Түсіпбаева жазбасын өшіргенімен, көпшілікке түсініктеме беруге асықпады: Ол «Мен ешқандай комментарий бере алмаймын. Өйткені әзірге ештеңе түсініксіз» дейді.
Бірінші отырысқа әнші келмеген соң тыңдау 10 қаңтарға ауыстырылды. Іс қылмыстық баптар бойынша қаралса, заң аясында үш жылға дейін бас бостандығынан айырып, 3000 АЕК-ке дейін айыппұл сияқты санкциялар қарастырылуы мүмкін.
Шенділер пара алып, айыппұлмен құтылып жатқанын білеміз. Ал әншілер айыппұлмен құтыла ма екен?

