Қазақстанда 2026 жылдың наурызынан бастап тұрғын үй жинақтарының жаңа жүйесі іске қосылады. Енді баспана алуға арналған арнайы депозиттерді тек «Отбасы банкінен» емес, екінші деңгейлі коммерциялық банктерден де ашуға мүмкіндік туады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Осы жылдың 16 қаңтарында президент Тоқаев тиісті заңға қол қойды. Жаңа ережелер 19 наурызда күшіне енеді.
Бұған дейін тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінде халық қаражатын жинақтау, мемлекеттік сыйақы алу және тұрғын үй займдарын рәсімдеу мүмкіндігі «Отбасы банкінің» құзырында болатын. Енді дәл сондай қызметті екінші деңгейлі коммерциялық банктер де көрсете алады. Оларға бөлек лицензия алудың қажеті жоқ.
Бұдан сіз бен бізге қандай пайда?
Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, аталған өзгеріс «тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұғымының аясын кеңейтіп, оған коммерциялық банктерді қосады.
Соның арқасында қарапайым азаматтар жинағын басқаруда еркіндікке ие болады. Салымшылар қалаған банкін таңдап, тұрғын үй жинақтарын сол жерде сақтап, займдарды да бірден ала алады.
Ұлттық банк те екінші деңгейлі коммерциялық банктерге арнайы жинақ шоттарын ашуға, тұрғын үй займын беруге, сондай-ақ алдын ала немесе аралық несиелерді рәсімдеуге толық рұқсат берілгенін растап отыр.
Бірақ, бір гәп бар…
Коммерциялық банктерде ашылған тұрғын үй жинақтарына жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы берілмейді. Қазір мемлекеттік қолдау тек «Отбасы банкінің» салымшыларына арналған. Мемлекеттік сыйақының мөлшері – жылдық жинақ сомасының 20%-ы, бірақ 200 АЕК-тен аспайды.
Мысалы, 2026 жылы ең жоғары премия көлемі шамамен 173 мың теңге болады (865 мың теңгенің 20%-ы).
«Салымшылар таңдау жасағанда стратегиялық тұрғыдан ойланып шешім қабылдағаны дұрыс. Бір жағында мемлекеттік сыйақы тұрса, екінші жағында коммерциялық банктердің ыңғайлы қызметтері мен қаржылық мүмкіндігі тұр», — дейді осы тұста сарапшы Айбар Олжай.
Үй нарығында не өзгереді?
Бас банкир Тимур Сүлейменов жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның құбылуы мүмкін екенін ескертіп отыр.
Айтуынша, биылғы жылдың ортасына қарай инфляция төмендеп, ақша-несие саясаты жұмсаруы мүмкін. Мұндай жағдайда ипотекалық несиелердің пайыздық мөлшерлемесі де біртіндеп төмендейді.
Жалпы биыл ұлттық компаниялардың біразы еркін нарыққа шығуы мүмкін. Күні кеше ауқымды жиын өткізген Тоқаев «Самұрық-Қазынада» үлкен тазалау жүретінін хабарлаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

