Үкімет отырысында Премьер Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайда айтқан тапсырмалары бұған дейін жарияланған ауқымды саяси реформалардың нақты жалғасы екенін атап өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы ұсыныстары елімізде Парламент пен қоғамдық институттардың рөлін күшейтуді көздейді. Бұл саяси жүйеміз бен қоғам мәдениетінде демократиялық принциптерді түпкілікті орнықтыруға бағытталған қадам.
Президенттің белгілеген идеологиялық тұжырымдары қоғамды біріктіру, отаншылдық сезімді нығайту, әділдік пен «Заң және тәртіп» қағидаттарын қатаң ұстану болып табылады. «Таза Қазақстан» бағдарламасы ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналып отыр, – деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектеновтың айтуынша, Президент қойған міндеттер тек саяси жаңғырумен шектелмейді, бұл бастамалар еліміздің экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін нақты шараларды қамтиды. Сондықтан әрбір министр мен әкімге, әрбір сала мен өңір басшылығына нақты нәтижелер көрсету міндеттеледі.
– Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі лауазымды тұлғаларға батыл әрі тосын шешімдер қабылдау туралы қатаң тапсырма берді. Бұл талаптар еліміздегі барлық салаға қатысты. Әр министр мен әкім өз саласы бойынша нәтижелерді нақты іс жүзінде көрсетуі тиіс, – деді Олжас Бектенов.
Үкімет отырысында сөз сөйлеген Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев алдағы жылы Қазақстаннан әлемнің ірі шаһарларына қатынайтын жаңа әуе рейстері ашылатынын мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

