Бүгін Астанада «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының алғашқы отырысы өтті. Осы жиында Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ жаңа Конституция жобасының тарихи маңызын атап өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, Конституцияның жаңартылған нұсқасында ұлттық тарихымыз бен құндылықтарымызды мызғымас негізі ретінде айқындады.
– Әлем өзгеріп, заман түрленіп жатса да, мемлекеттің беріктігі оның тұрақты ұлттық құндылықтарына тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция жобасында Тәуелсіздік, Егемендік, мемлекеттік шекарамыз бен аумақтық тұтастығымыздың мәңгілік құндылықтар екендігі нақты белгіленді, – деді Үнзила Шапақ.
Ол жаңа құжаттың еліміздің тарихи тамырына ерекше назар аударғанын жеткізіп, мыңжылдық тарихымыз алғаш рет мемлекеттік деңгейде ұлттық құндылық ретінде танылғанын атап өтті.
– Қазақ халқы ғасырлар бойы Ұлы Далада салтанат құрған алып мемлекеттердің тікелей мұрагері. Ұлы Дала өркениеті адамды құрметтеген, еркіндік пен демократия дәстүрін қалыптастырған өркениет. Жаңа Конституцияның негізгі арқауы осы тарихи тәжірибе мен гуманистік құндылықтар. Адамның құқықтары мен бостандықтары ең басты құндылық деп жарияланып отыр, – деді депутат.
Үнзила Шапақтың пікірінше, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының да негізгі өзегі әділеттілік, заң үстемдігі, тәртіп пен табиғатты қорғау принциптерімен тікелей байланысты. Ол сондай-ақ жаңа Конституцияның интеллектуалды, білімді және озық ойлы ұлт қалыптастыратына сенім білдірді.
– Қазіргі сын-қатері көп заманда ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттырып, білім мен инновацияны дамытудың маңызы зор. Осы басымдықтарды жаңа Конституцияға енгізу – біздің тарих алдындағы парызымыз, болашақ алдындағы жауапкершілігіміз, – деп қорытындылады депутат.
Бүгін елордада Конституциялық реформаны қолдауға арналған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы құрылды. Оның құрамына қоғам белсенділері, саяси партиялар өкілдері, зиялы қауым, депутаттар, жастар ұйымдары мен кәсіподақтар кірді.
Депутаттың әріптесі Айдасы Сарым бұған дейін сайтымызда жаңа Конституция бүгінгі күрделі геосаяси әрі құқықтық сын-қатерлерден қорғайтын іргелі құжат екенін айтқан еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

