Күздің соңғы күні ChatGPT чат-ботының іске қосылғанына үш жыл толды. Осы уақыт аралығында бұл жасанды интеллект өнімі әлемдегі ең танымал технологиялық жобалардың біріне айналды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жасанды интеллект саласының көшбасшысы атанған OpenAI стартапының негізін қалаушы Сэм Альтман мен оның командасы чат-боттың туған күнінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген құттықтауларды қабылдады.
Кремний алқабынан әлемге тараған чат-бот
Альтманды бүгін Кремний алқабы ғана емес, бүкіл әлемде «чат-боттардың әкесі» деп атап кеткен. Ол өзінің осы жобасының аса үлкен жетістікке жететінін алдын ала болжаған еді. «Көптілді интерфейстер технология әлемінде жарылыс жасайды», деген болатын Альтман 2022 жылы 30 қарашада ChatGPT таныстырылымында.
Сол күннен бері үш жыл өтті. Альтман мен OpenAI командасының болжамы толықтай дәл келді деуге негіз бар. Чат-бот технологиясы үш жыл ішінде бүкіл адамзат тарихындағы ең сұранысқа ие инновациялық өнімдердің біріне айналды.
Мәселен, 2025 жылдың қыркүйегіндегі дерек бойынша, ChatGPT қолданушыларының апталық саны 800 миллионға жуықтаған. Яғни, планетамыздағы әрбір оныншы тұрғын осы чат-ботты тұрақты пайдаланып отыр. Алғашқы жылы белсенді қолданушылар саны 100 миллионнан асса, екінші жылы 350 миллионға дейін жетіп, биылғы жылы 800 миллиондық межеден асқаны анық.
ChatGPT өнімінің арқасында OpenAI компаниясы жасанды интеллект жарысында әлемдік көшбасшыға айналды. Бұл жетістікке олар Google секілді әлемдік технологиялық алыптармен қызу бәсекеде қол жеткізді.
Алғашқы кезде чат-бот GPT-3,5 деп аталатын тілдік модельде жұмыс істеген болатын. Үш жыл ішінде компания жаңа модельдерді жасады. Соңғы GPT-5 моделі алдыңғы буындармен салыстырғанда анағұрлым жылдам әрі тиімді екені белгілі. OpenAI таратқан мәлімдемеде: «GPT-5 – тек жылдам әрі нақты жауап беріп қана қоймайды, заманауи ақпарат әлемінде қолдануға өте қолайлы әрі пайдалы құрал», – деп атап өтті.
800 миллиондық белес
2025 жылдың шілдесіндегі көрсеткіш бойынша, чат-бот пайдаланушылары аптасына 18 миллиард хабарлама жолдайды екен. Бұл тәулігіне 2,5 миллиардтан астам немесе секундына 29 мыңға жуық хабарлама деген сөз. Бір қызығы, 2024 жылғы маусымда жүргізілген зерттеуге сәйкес, пайдаланушылар жолдаған хабарламалардың 53%-ы олардың кәсіби қызметімен байланысы жоқ екені анықталған.
Өткен айда Сэм Альтманның компаниясы ChatGPT платформасын коммерциялық мақсатта пайдаланатын компаниялар мен ұйымдардың саны 1 миллионға жеткенін ресми мәлімдеді.
ChatGPT өнімі OpenAI компаниясының нарықтағы құнын жарты триллион долларға дейін көтерді. Осылайша, ол тарихтағы ең қымбат стартап ретінде рекорд орнатты. Мысалы, 2024 жылдың ақпанында компания бағасы 80 миллиард доллар болса, сол жылдың қазан айында ол екі есе өсіп, 157 миллиард долларға жеткен. Reuters агенттігі осы күзде OpenAI биржаға шыққан жағдайда, нарықтық бағасы 1 триллион долларға жетуі мүмкін екенін де жазды.
ChatGPT географиясы да өте кең. Әлемнің 150-ден астам елінде қолжетімді өнімнің ең белсенді қолданушыларының алғашқы ондығына АҚШ, Үндістан, Бразилия, Германия, Индонезия, Франция, Жапония, Мексика, Ұлыбритания және Филиппин елдері кіреді.
Таяуда Токио қаласында орналасқан Integral AI технологиялық компаниясы жасанды интеллект саласында үлкен серпіліс жасағанын жазған болатынбыз.

