ЕуропаОдақтың қорғаныс және ғарыш мәселелері жөніндегі комиссары Андриус Кубилиус Таяу Шығыстағы зымыран тұтыну қарқыны Батыстың әскери-өнеркәсіптік қуатында күрделі кемшіліктер барын көрсетіп бергенін мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Варшавадан бастап жеті Еуропа елдерінің астанасына зымыран өндірісіне қатысты мәселемен арнайы сапарға шыққан Кубилиус жағдайдың қиын екенін жеткізді.
– Үш-ақ күн ішінде Таяу Шығыста Иран зымырандары мен дрондарына қарсы 800-ден астам америкалық зымыран қолданылды. Ал Украина төрт айға созылған қысқы маусымда бар болғаны 700-ге жуық Patriot зымыранын пайдаланды, – деді ол.
Бұл жағдай Батыс өндірістік әлеуетінің шынайы жағдайымен сәйкес келмейді. Өйткені Patriot PAC-3 зымыранын шығаратын жалғыз Lockheed Martin компаниясы 2025 жылы бар болғаны 600 дана зымыран өндірген. Украинаға қысқы кезеңдегі сұраныстың өзі осы саннан асып кеткен, ал Таяу Шығыста небәрі 72 сағат ішінде шамамен сондай көлемде зымыран жұмсалған.
Кубилиустың айтуынша, Ресей Украинаға 2025 жылы 2000-ға жуық зымыранмен соққы жасаған, оның 900-і баллистикалық зымыран болған. Бұл зымырандарды ұстап тұру үшін Patriot сияқты қазіргі заманғы қорғаныс жүйелері қажет. Украина президенті Владимир Зеленский де бұл мәселені 5 наурыздағы брифингте тікелей көтерді:
– Таяу Шығыста небәрі үш күнде 800-ден астам америкалық зымыран қолданылды. Украинаға ешқашан мұндай көлемде зымыран берілген емес, – деді ол.
Кубилиус бұл мәселені Таяу Шығыс пен Украина арасындағы ғана емес, бүкіл Еуропаның стратегиялық тәуелділігінің көрінісі деп бағалады. Ал Польшаның Қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыш та Варшавада сөйлеген сөзінде Еуропаның әскери өндірістегі тәуелсіздігін арттырудың маңыздылығына тоқталды: «Еуропаның қорғаныс өндірісінің тәуелсіздігі мен сенімді жеткізу тізбегі ерекше мәнге ие бола бастады», – деді министр.
Қазіргі уақытта Еуропалық Одақ бұл кемшіліктерді екі қаржылық механизм арқылы шешуді жоспарлап отыр. Біріншісі, Украинаға берілетін 90 миллиард еуролық несие, оның үштен екі бөлігі әскери қажеттіліктерге жұмсалады. Екінші механизм, 150 миллиард еуро көлеміндегі ЕО қорғаныс несиелері бағдарламасы. Бұл бағдарламаға 19 мүше мемлекет өтініш білдірген.
Кубилиустың айтуынша, Батыстың қару-жарақ өндіру мүмкіндіктерін тез арада арттыру мәселесі шешілмесе, алдағы уақытта Украинаға да, басқа одақтас елдерге де қажетті қаруды жеткізу қиындық орын алуы мүмкін.
Бейжің мен Тегранның тактикалық «тұзағы» АҚШ пен Израилдің стратегиялық әлеуетін сарқып жатыр. Осы туралы тың деректер мен инсайдттар халықаралық қауіпсіздік саласында қызу талқыға түсе бастағанын сарапшыларымыз жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







