Автоөлік иелері арасында қозғалтқыш майын толық ауыстырмай, мөлшері азайғанда үстінен май құйып тұрса жеткілікті деген жаңсақ пікір тараған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл миф көбіне қаражат үнемдеу мақсатында пайда болған. Өйткені, техникалық қызмет көрсету мен қозғалтқыш майын толық ауыстыру белгілі бір шығынды талап етеді.
Шындығында, көлік майының негізгі міндеті қозғалтқыш бөлшектерін майлап, олардың қажалуын болдырмау, артық жылуды сыртқа шығару және ішкі механизмдерді таза ұстау. Уақыт өте келе май өз қасиеттерін жоғалтып, пайдалануға жарамсыз күйге түседі.
Ол қозғалтқыштың ішінде үздіксіз айналып жүріп, жану өнімдерімен араласып, лас күйге енеді. Ал бұл кезде оның бөлшектерді қорғайтын, салқындататын және тазартатын қасиеттері айтарлықтай нашарлайды.
Майдың түсі мен құрамы да өзгеріске ұшырайды. Жаңа майдың бастапқы жартылай мөлдір, алтын түсті сұйықтық қалпы бірте-бірте қою қара түске айналады. Оның тұтқырлығы да өзгеріп, бастапқы функционалдығы төмендей бастайды. Сондықтан тек үстінен май құйып тұру арқылы бұл мәселені шешу мүмкін емес.
Кейбір автокөлік иелері май деңгейін бақылап, азайған кезде тек үстінен қосып жүре берсе, қозғалтқыш ешқандай зардап шекпейді деп ойлайды. Бұл үлкен қателік. Себебі, майды толық ауыстырмай, тек үстінен құюмен шектелу қозғалтқыш ішінде зиянды қалдықтардың жиналуына, ішкі механизмдердің тотығуына және ерте тозуына себеп болады. Соның салдарынан қозғалтқыштың жалпы қызмет ету мерзімі қысқарып, болашақта күрделі жөндеуді қажет етуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, майды үстінен құйып отыру тек май деңгейі төмен болған жағдайда ғана уақытша шешім бола алады. Бірақ бұл шара толық техникалық қызмет көрсетуді алмастыра алмайды. Қозғалтқыштың ұзақ әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін майды әрбір 7-10 мың шақырым жүргеннен кейін толық ауыстыру қажет.
Қозғалтқыш майын уақытында ауыстыру бірқатар маңызды артықшылықтарға ие. Біріншіден, қозғалтқыштың ішіндегі бөлшектердің қажалуын барынша төмендетеді. Екіншіден, жанармай шығынын азайтып, көліктің қуатын сақтауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, қозғалтқыштағы улы газдар мен зиянды қалдықтардың мөлшерін азайтып, қоршаған ортаға кері әсерді төмендетеді.
Контекст
Осылайша, үнемдеу мақсатында майды толық ауыстырмай, тек үстінен құйып жүру – алдамшы әрекет. Бұл қысқа мерзімді үнемдеуге жол ашқанымен, уақыт өте келе айтарлықтай қаржылық шығындарға ұрындыруы мүмкін.
Қозғалтқыштың ұзақ уақыт дұрыс жұмыс істеп, техникалық жарамдылығын сақтау үшін майды уақтылы әрі толық ауыстырып тұру – ең тиімді әрі дұрыс шешім. Бұл арқылы сіз көлігіңіздің қызмет ету мерзімін ұзартасыз, қозғалтқыштың қауіпсіз әрі сенімді жұмыс істеуіне жағдай жасайсыз.
Автокөлік кілтінің сигналын күшейтудің қарапайым, бірақ таңғаларлық әдісі бар. Ол үшін кілтті басыңызға тигізіп, түймені бассаңыз жеткілікті. Иә, бұл әзіл немесе кездейсоқтық емес, ғылыми дәлелденген әдіс
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







