Қазақстанда 2026 жылы әлеуметтік сала, сақтандыру жүйесі және бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты жаңа заң жобалары әзірленеді.
Бұл туралы Үкімет отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлім етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, келесі жылға 12 заң жобасы жоспарланып отыр. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру мәселесін реттейтін заң жобасы.
«Парламентке бірінші жартыжылдықта 5, екінші жартыжылдықта 7 заң жобасы ұсынылады. Әсіресе Президент тапсырмаларын сапалы орындауға басымдық беріледі. Әлеуметтік қорғау мен цифрлық даму мәселелері – басты назарда», – деді Ерлан Сәрсембаев.
Сонымен қатар, министр мемлекеттік мүлікке қатысты заңдарға, онлайн-платформалар мен БАҚ саласын реттеуге бағытталған түзетулер енгізілетінін айтты. Өнеркәсіп бағытында мұнай-газ-химия саласын дамытатын жаңа заң жобасы дайындалмақ.

