Шағын бизнестің тынысы ашылатын болды. Үкімет салық берешегі бар кәсіпкерлерге өсімпұл мен айыппұлды кешіру, тексерісті уақытша тоқтату жөнінде шешім қабылдады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) мәліметінше, микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 2025 жылдың 17 желтоқсанында арнайы шешім қабылданған.
Жаңа тәртіп бойынша, микро және шағын бизнесті жабу ережесі жеңілдетіледі.
Сондай-ақ, кәсіпкерлер 2026 жылдың 1 қаңтарына дейінгі жиналған салық берешегін 2026 жылғы 1 сәуірге дейін өтесе, оларға өсімпұл мен айыппұл кешіріледі. Оның ішінде қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша уақытылы тіркелмегені үшін салынған айыппұл да бар.
Осы ережелер ақпан айының басында күшіне енбек.
Салықтық тексерістер де азаяды
Мысалы, 2026 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезең бойынша салық тексерістері тоқтатылады. Бірақ, бұрын белгіленген тексерістер, қарсы тексеру, құқық қорғау органдарының өтінішімен және салық төлеушілердің шағымымен жүргізілетін тексерістер жалғаса береді.
Сонымен қатар, 2025 жылдың 17 желтоқсанына дейін тапсырылған декларацияларға камералдық бақылау жүргізілмейді. Мұндағы мақсат кәсіпкерлердің жеңілдетілген декларацияны негізсіз пайдалану тәуекелін азайту.
Сот арқылы мәмілелерді жарамсыз деп тану тоқтатылады. Микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында 2026 жылға дейін жасалған келісімшарттарды, сол кезеңде тіркелген компанияларды жарамсыз ету туралы сотқа талап қоюға тыйым салынады. Алайда, құқық қорғау органдарының талаптары бойынша жасалған арыз-шағымдар бұған кірмейді.
Әкімшілік жауапкершілік жеңілдейді
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС-ке уақытылы тіркелмегені үшін, салық есебін өткізбегені үшін микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты әкімшілік іс қозғалмайды.
Үкімет осы арқылы шағын бизнесті артық әкімшілік және қаржылық қысымнан босатып, кәсіпкерлерге жаңа салық реформасына бейімделуге мүмкіндік бермек.
Бұған қоса премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Қаржы министрлігі 2026 жылы шағын бизнеске өсімпұл мен айыппұлды есептемеу туралы қосымша жеңілдікті қарастырып жатыр.
Айта кетелік, бұған дейін Мемлекет басшысы Салық кодексіне қоғамның пікірін ескере отырып, қажетті өзгеріс енгізуді тапсырған.
«Салық кодексі Құран сөзі емес. Оған өзгеріс енгізуге әбден болады. Халықтың сындарлы ұсыныстарын мұқият зерделеу керек», – деген еді Президент. Жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

