Батыс Қазақстан облысында ветеринариялық бақылау саласының лауазымды қызметкері пара алды деген күдікпен ұсталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тараған ақпаратқа сәйкес, 2026 жылғы 1 маусымда Батыс Қазақстан облысындағы Орал қалалық аумақтық инспекциясының басшысы шаруа қожалығы өкілінен пара алу кезінде ұсталған.
Заңгер Бауыржан Закидің мәліметінше, қылмыстық істі Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тергеп жатыр.
Қазіргі таңда Орал қалалық аумақтық инспекциясының басшысы қызметін Абылай Мұқаев атқарады. Ал облыстық деңгейдегі ветеринариялық инспекцияны Марат Өтәралиев басқарады. Ведомствоның жоғары тұрған органы – Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті. Комитет төрағасы – Қазбек Тәшімов.
Алайда аталған ұстауға қатысты мемлекеттік органдар әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Сондықтан тергеу барысы мен күдіктінің нақты мәртебесіне қатысты қосымша ақпарат жарияланған жоқ.
Бұл өңірдегі ветеринария саласында тіркелген алғашқы жемқорлық фактісі емес. Бұған дейін 2024 жылы Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының бас маманы Ястауи Мұсағалиев Қылмыстық кодекстің 366-бабы бойынша кінәлі деп танылған. Сот материалдарына сәйкес, ол ет пен мал тиеген көліктерді заңсыз өткізу үшін 400 мың теңге пара алған. Нәтижесінде оған 24 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
Сол үкім аясында ветеринариялық инспектор Талғат Айсиев те жауапкершілікке тартылды. Ол 130 мың теңге көлеміндегі пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 7,8 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелген.
Ал 2025 жылдың қыркүйегінде Бөрлі аудандық ветеринариялық станциясының директоры Жанболат Махмудовқа қатысты сот үкімі шыққан. Сот дерегіне сәйкес, ол 20 бас жылқыны заңсыз тіркеу үшін 200 мың теңге алған. Нәтижесінде 6 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
Айта кету керек, қазіргі жағдайда Орал қалалық аумақтық инспекциясының басшысына қатысты ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Заң бойынша адамның кінәсі сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін дәлелденген болып саналмайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







