Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов орынбасары Берік Шолпанқұловтың қызметтен кетуіне қатысты пікір білдірді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, Шолпанқұлов жұмыстан өз еркімен босату туралы өтініш берген. Ұлттық банк басшысы бұл шешімнің жақында орын алған резонансты жағдаймен байланысы жоқ екенін, екеуінің уақыт жағынан сәйкес келуі тек кездейсоқтық екенін ерекше атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы бір банктің көрші елден 7 триллион теңгеден астам қаражат аударғанын мәлімдеген болатын. Осыған байланысты Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов нақты ақша аударымы туралы емес, банктің жалпы ақша айналымы жөнінде сөз болғанын айтты. Дегенмен осы мәлімдемесінен кейін келесі күні-ақ Президент оны қызметінен босатты.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл мәлімдеменің Шолпанқұловтың жұмыстан кетуіне еш қатысы жоқ, өйткені ол бұл шешімді бұрын қабылдап қойған еді.
Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы аталған банкке қатысты тексеріс жалғасып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, банктің қызметін жан-жақты тексеру Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшылығымен жүргізілуде. Бұл іске Ұлттық банк және Қаржы мониторингі агенттігі де қатысып отыр.
– Қазіргі таңда барлық ресми құжаттар, тексеру туралы хабарламалар, тексерудің ұзартылуы және мерзімдері туралы құжаттар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми бланктерінде рәсімделеді. Тексеріс қорытындысы шыққаннан кейін қажетті шаралар қабылданады, – деп нақтылады Тимур Сүлейменов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






