Қазақстанда көпшілік асыға күткен «Ұмай» әйелдер ипотекасы мен «Жасыл ипотека» бағдарламасы қайта іске қосылады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Отбасы банк пен Азия даму банкі жалпы сомасы 90 млрд теңгелік несие келісіміне қол қойды. Бұл қаражат алғашқы кезеңде екі мыңнан астам заемшыға баспана алуға мүмкіндік береді.
Бағдарламалар нақты қашан іске қосылары әзірге белгісіз. Банктің хабарлауынша, ипотекалардың басталу мерзімі мен пайыздық мөлшерлемелері екінші жартыжылдықта анықталады. Бұған дейін пайыздық мөлшерлеме 14-15%-дан басталып, уақыт өте келе азаятын еді. Осындай жүйе сақталмақ.
Жаңарған «Ұмай» бағдарламасы бойынша айтарлықтай өзгеріс бар. Бұрын қатысушы әйелдің жеке табысы ғана есептеліп, шегі 640 мың теңгеден аспауы тиіс болса, енді бүкіл отбасының кірісі қаралып, айлық табысы 1 млн 250 мың теңгеден аспауы керек.
«Ұмай» ипотекасының шарттары мынадай
- ең жоғары сома – 50 млн теңге;
- несие мерзімі – 25 жылға дейін;
- Алматы мен Астана қалаларында баспана құнының 80%-ына дейін, басқа өңірлерде 85%-ға дейін банк береді, қалған сома сатып алушының бастапқы жарнасы;
- алынатын пәтер жаңа немесе құрылысы жүріп жатқан (ҚИК кепілдігімен немесе құрылыс компаниясының сақтандыруымен), не болмаса 2016 жылдан бері салынған екінші нарықтағы баспана болуы керек;
- баспана міндетті түрде әйелдің атына рәсімделеді, бірақ отбасылық меншік болып есептеледі, қоса алушыларды тартуға болады.
Сондай-ақ «Ұмай» арқылы әйелдер өздері тұрып жатқан үйді жөндеуге де несие ала алады:
- ең жоғары сома – 15 млн теңге;
- бастапқы жарна депозитке 0%-дан 50%-ға дейін;
- мерзім – 25 жылға дейін.
«Жасыл ипотека» бағдарламасы барлық қазақстандықтарға ортақ. Шарттары келесідей:
- ең жоғары несие көлемі – 50 млн теңге;
- отбасының айлық табысы – 1 млн 250 мың теңгеге дейін;
- несие мерзімі – 25 жыл;
- банк баспана құнының 80%-ын береді, ал 20%-ы сатып алушының бастапқы жарнасы;
- тұрғын үй міндетті түрде экологиялық талаптарға сәйкес, OMIR жасыл стандарты бойынша сертификатталуы керек (күміс, алтын немесе платина деңгейі).
Бұл бағдарлама бойынша да өз үйін жөндеу үшін несие алуға мүмкіндік бар:
- несие сомасы – 15 млн теңгеге дейін;
- депозитке салынатын бастапқы жарна – 0%-дан 50%-ға дейін;
- несие мерзімі – 25 жылға дейін.
Екі ипотеканың да маңызды артықшылығы
Тіркеуге қарамастан кез келген аймақтан баспана алуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, баспана алушыда басқа тұрғын үйлердің болуы кедергі емес.
Отбасы банкінің талаптарына сәйкес, ипотекаға үміткерлердің соңғы алты айдағы ресми табысы мен зейнетақы жарналары міндетті түрде есепке алынады. Сондай-ақ отбасының жалпы табысы, жұмыс істейтіндер саны, балалар мен асыраудағы адамдардың болуы және қолданыстағы несие міндеттемелері қаралады. Сондықтан банкке өтініш берер алдында тұтынушылық және тауарлық қарыздарды жауып алған жөн.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







