Қазақстандағы Ресей елшілігі Дума депутаты Николай Валуевтің көршілерге қоқан-лоққы жасағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Түнеукүні әлемжеліде Валуевтің Орта Азияны «тәубесіне түсіру керек» деген сарында сөйлегені, тіпті арнайы операцияға арандатқаны жайлы видео тараған. Ресей елшілігінің мәліметінше, бұл нейрожелі арқылы жасалған жалған видео.
«Видеоны мұқият қарасаңыздар, сөз бен ауыз қимылының сәйкес келмейтіні анық байқалады. Мұндай сәйкессіздік жасанды интеллект көмегімен жасалатын фейк-видеоның негізгі белгісі», – делінген елшілік таратқан хабарламада.
Соловьев? Ресей Сыртқы істер мұндай мәлімдемені жекелеген тұлғалар айтса да, депутаттар бұлайша сөйлемейтінін жеткізіпті. Николай Валуев те видеоға қатысты түсініктеме беріп, оның жасанды зердемен жасалғанын алға тартыпты.
«Мына видеоның маған еш қатысы жоқ. Технологияның дамып жатқаны жақсы, бірақ дәл осы рөлик жасанды интеллектпен жасалған. Мен үнемі осындай жалған видеолар тақырыбын көтеріп келемін. Соған қарағанда, жасанды интеллект маған ренжіп қалған секілді», – деп әзіл-шыны аралас жауап қатыпты депутат.
Елшіліктің мәлім еткеніндей, жалған видео Валуевтің бұрын жариялаған бейнеқұттықтауының негізінде дайындалған.
Айта кетелік, соның алдында пропагандист Соловьев «арнайы операцияны» тек Киевке емес, іргедегі елдерге де бағыттауға болады деп, Орта Азияны «Мәскеудің артқы ауласына» теңеген. Мұны атышулы Дугин іліп әкетіп, аймақ елдерін Мәскеудің қанатының астына қайта жинауды ұсынған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

