Белгілі заңгер Айман Омарова алдағы уақытта Вашингтонда өтетін маңызды семинарға қатысатынын хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, бұл жиында АҚШ-тың жаһандық және ішкі саясатындағы стратегиялық басымдықтар талқыланады.
– Вашингтондағы семинардың негізгі тақырыптары, белгілі саясаткерлердің өзекті мәселелер бойынша пікірлері мен ұсыныстары жайлы егжей-тегжейлі айтып беремін, – деді ол.
Семинар алдында заңгер АҚШ-та соңғы күндері орын алған оқиғаларға, әсіресе Венесуэладағы америкалық әскери операцияға байланысты тікелей эфирде талдау жасамақ.
Айта кетейік, АҚШ күштері Венесуэла аумағында арнайы операция жүргізіп, ел президенті Николас Мадуроны өз үйінде ұйықтап жатқан жерінен ұстап әкеткен болатын. Онымен бірге әйелі мен ұлы да қамауға алынған.
Айман Омарованың айтуынша, жұртшылықтың назарын аударған негізгі сұрақтар мынадай:
– АҚШ-тың басқа елдің ішкі ісіне араласуына қандай негіздер болды?
– Николас Мадуро мен оның жұбайына нақты қандай айыптар тағылуда?
– Олар қазір қай жерде ұсталып отыр?
– Американың CNN, Fox News секілді ірі медиахолдингтері осы оқиғаларға қатысты не айтуда?
Дегенмен, сарапшылар мен саясаткерлер арасында қызу пікірталас тудырып отырған негізгі мәселе АҚШ-тың Венесуэланың ішкі саясатына араласуының себептері және Мадуро билігіндегі Венесуэланың АҚШ-қа қандай қауіп төндіруі мүмкін екендігі.
– Бүгінгі эфир барысында америкалық бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жатқан сараптамаларды ұсынып, АҚШ-тың саяси истеблишменті мен ұлттық қауіпсіздік саласы мамандарының пікірлеріне де шолу жасаймын, – деп жазды заңгер.
Ол сондай-ақ Николас Мадуро мен оның жұбайына қатысты айыптаулардың мән-жайына ерекше тоқталатынын жеткізді.
Осы тұста Омарова Ресей билігінің АҚШ әрекеттерін айыптағанын, бірақ бұл сынның Ресейдің Украинаға басқыншылығы, оның аумағын аннексиялауы, конституциясына өзгерістер енгізуі секілді агрессивті қадамдарымен салыстырғанда қисынсыз көрінетінін атап өтті.
– Америкалықтар Венесуэла халқына тиіскен жоқ, жерін басып алуды көздемеді. Олар тек Мадуроны алып кетті. Венесуэлада халықтың жағдайы өте ауыр болғаны соншалық, бұл оқиғаға көпшілік қуанып жатыр, – деді ол.
Әлеуметтік желілерде кейбір қазақстандықтардың АҚШ президенті Трампқа «Назарбаевты да алып кетсін» деген әзіл-шыны аралас пікір білдіргеніне тоқталған Омарова, сондай-ақ америкалық БАҚ-тарда Венесуэламен көршілес Колумбияның да есірткі саудасына байланысты белгілі бір алаңдаушылық туғызып отырғаны туралы ақпараттар тарағанын айтты.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп арнайы баспасөз конференциясын өткізіп, Венесуэладағы жағдайға қатысты алдағы қадамдарын мәлім етті.

