Белгілі саясаттанушы Уәлихан Төлешов 500 миллиондық еуропалық Гулливердің оянуы Ақ үй күткеннен жылдам басталғанын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жақында ғана Еуроодақ пен Үндістан арасында 2007 жылдан бері сағызша созылған еркін сауда келісімі бекітілді. Әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 15%-ын құрайтын бұл келісім еуропалық экспорттың 97 пайызына баж салығын азайтуды не толық алып тастауды көздейді.
Үндістан Еуропаға айтарлықтай жеңілдіктер жасап отыр. Айталық, уропалық көліктерге баж салығы 110%-дан 10%-ға, шарапқа 150%-дан 75%-ға дейін төмендетіп, зәйтүн майына, автокөлік бөлшектері мен кейбір өңделген өнімдерге тарифтер мүлде жоймақшы. Осыған қатысты саясаттанушы Уәлихан Төлешов былай дейді:
– Еуропа ширек ғасыр уақытын текке жоғалтты. Бастапқыда Оңтүстік Америка елдерімен, кейін Үндістанмен ұзақ уақыт бойы бюрократиялық шырмауда саудаласқан Еуропа, АҚШ тарапынан айтылған сын мен қысымның арқасында ғана есін жия бастағандай. Аталған келісімдер әлемдік геосаясаттағы жаңа бетбұрыстың басы. Бұдан былай Еуроодақ біреудің рұқсатын күтіп отырмайды, әлемдік процестерде өз бағытын өзі айқындайтын болады, – дейді сарапшы.
Гулливердің оянуы
Оның ойынша, Еуропаның өзгерісі саудамен ғана шектелмейді. Қазір Еуропалық әскери-өнеркәсіптік кешен АҚШ-тың кіші серіктесі немесе ұялшақ пацифист ретінде емес, жеке-дара қуатты индустриалды күш ретінде оянуда. Бұрынғы ұсақ әрі бытыраңқы әскери өндіріс енді жаппай, сериялық, ұзақ соғысқа арналған мықты экономикаға айналып келеді.
Украинадағы соғыс Еуропаның соғыс шындығын қайта сезінуіне түрткі болған тектоникалық бетбұрыс іспетті. Бұл туралы Төлешов былай сабақтады:
– Украина қақтығысы Еуропа үшін үлкен ескерту болды. Еуропа ұзақ уақыт бойы қауіпсіздікті өмірдің қалыпты жағдайы ретінде қабылдады. Қазір бұл түсінік түбегейлі өзгерген. Еуропа қауіпсіздікті құндылық ретінде емес, нақты өндірістік цикл ретінде қабылдауға мәжбүр болды. Оқ-дәрі, ПВО, дрондар мен электронды соғыс құралдары енді сөз жүзіндегі жобалардан нақты инвестицияларға айналды, – деп атап өтті сарапшы.
Дегенмен, бір маңызды мәселені ұмытпаған жөн. Экономикалық және индустриалдық тұрғыда оянып келе жатқан Еуропа Украинадағы соғысқа қатысты келіссөздерге әлі толыққанды қатысушы емес. Бұл туралы сарапшы мынадай мысал келтіреді:
– Еуропа экономикалық тұрғыда оянғанымен, келіссөздер үстелінде әлі де ойыншы емес. Келіссөздер үстелінде кімдер отыр деп ойлайсыз? Әлемдік әскери, қаржы, энергетикалық ағындарды бақылап отырған елдер отыр. Ал Еуропа әлі де сол ағындардың ішінде, оның үстінен қарай алмайды. Еуропаға не істеу керек? Өз ағындарын қалыптастыруы қажет. Қаржылық, сауда-саттық, ақпараттық, логистикалық және басқа да салаларда тәуелсіз ойыншы ретінде қалыптасуы керек, – дейді ол.
Саясаттанушының пікірінше, қазіргі әлем постмодерн дәуірінен текстурализм дәуіріне көшуде. Бұл жаңа дәуірде АҚШ әлемдік процестердің триггері әрі ағындардың басты реттеушісі болса, Қытай процестердің үздіксіздігін қамтамасыз ететін инженер. Ал Еуропа мен Украина дағдарыс арқылы өзін жаңа сапамен байытатын ерекше текстураның тасушысына айналып отыр.
Осылайша еуропалық Гулливердің оянуға мүжбүр болды. Егер олар бұрынғыдай ұйықтап жатса, оны тағы да мықтап байлап тастары анық. Енді шегінерге жол жоқ.
Иә, Еуропалық Гулливердің оянуы толыққанды емес, бірақ бұл енді ешқашан бұрынғыдай комалық ұйқыға кете алмайтындығының айқын дәлелі. Ол өзін сауда, индустрия, қорғаныс салаларының дербес субъектісі ретінде қабылдайтын болады. Осы оянудың нәтижесінде әлемдік саясатта жаңа күш пайда болатыны анық.
Президент Тоқаев құқық қорғау органдарының кәсіпкерлер жұмысына заңсыз араласуын қатаң сынға алып, мұндай әрекет мемлекет мүддесіне қайшы екенін айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

