WhatsApp қолданушылары жақын арада көптен күткен жаңа мүмкіндікке ие болады. Енді мессенджердің веб-нұсқасы арқылы компьютерден тікелей дауыс және бейнеқоңырау жасауға болады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Meta компаниясы бұл жаңартуды бір жыл бойы тестілеп, енді оны көпшілікке ұсынуға дайын. Инсайдерлердің мәліметінше, қазір WhatsApp Web-те дауыс және бейнеқоңырау жасау функциясы сынақтан өтіп жатыр. Әзірге жаңа функция бета-нұсқада іске қосылған, бірақ жақын арада барлық пайдаланушылар үшін қолжетімді болады деп күтілуде.
Жаңа функция қалай жұмыс істейді?
Бұл жаңалықтың басты ерекшелігі – компьютерде қосымша бағдарламалар орнатпай-ақ, браузер арқылы тікелей қоңырау жасауға болады. Пайдаланушы үшін процесс өте қарапайым:
браузерден WhatsApp Web-ке кіресіз;
қажетті чатты ашасыз;
жоғарғы бөліктегі қоңырау шалу түймесін басасыз.
Алдымен тек жеке чаттарға ғана қоңырау шалуға болады. Ал топтық қоңырауларды браузер арқылы жасау мүмкіндігі әзірге дайындық үстінде.
Тағы қандай қосымша мүмкіндіктер болады?
WhatsApp пайдаланушылары үшін жаңа функция келесідей қосымша мүмкіндіктер ұсынады:
барлық қоңыраулар end-to-end шифрлаумен қорғалған, яғни әңгіме толығымен құпия;
экранды бөлісу функциясы іске қосылады;
болашақта бір бейнеқоңырауға 32 адамға дейін қосылуға болады;
сондай-ақ кездесулерді жоспарлау мен қоңырауға арнайы сілтемелер жіберу мүмкіндігі пайда болады.
Қазіргі уақытта функцияны тек бета-тестілеуге қатысушылар сынап көре алады. Бірақ инсайдерлердің болжамынша, алдағы апталарда бұл мүмкіндік жалпы қолданушыларға да қолжетімді болады.
WhatsApp-тың бета-тестілеуіне қалай қосылуға болады?
Жаңа мүмкіндіктерді басқалардан бұрын байқап көру үшін:
WhatsApp-тың «Баптаулар» бөліміне кіріңіз;
«Көмек және пікірлер» тармағын таңдаңыз;
«Бета-тестілеуге қосылу» тетігін іске қосыңыз.
Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында WhatsApp қолданушылары топтық чаттардан басқаларға байқатпай шығуға мүмкіндік беретін «ағылшын әдісі» функциясына ие болған еді. Осылайша мессенджер өз қолданушыларына үнемі ыңғайлы әрі қауіпсіз қызметтерді ұсынуды жалғастыруда.
Айтпақшы, кофе ішу гипертонияның (жоғары қан қысымы) пайда болу қаупін арттырмайды екен. Ғалымдар 315 мыңнан астам адамның қатысуымен өткен 13 зерттеудің нәтижесін талдап, осындай қорытындыға келіпті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

