Бүгінде Еуропа елдерінің автоконцерндері өткен тарихын дәріптеп жүргенде олардың ең үздік инженерлері мен топ-менеджерлері үнсіз ғана Қытайдың индустриялық флагмандарына қызметке орналасып, жұмысын жалғастыруда. Әлемдік нарыққа тұрмыстық бұйым шығарумен танылған Xiaomi компаниясының болашақтағы электромобильдік эволюциясының іргесін қалауға кірісіп кетті.
Жақында белгілі болғандай, Xiaomi кем дегенде бес бірдей Еуропалық автоконцерннің жоғары лауазымды мамандарын өз қатарына тартқан. Олардың арасында BMW компаниясында 15 жыл бойы стратегиялық шешімдер қабылдаған Рудольф Диттрих есімді маман да бар. Ол Xiaomi-дің Еуропадағы зерттеу және тәжірибе орталығын басқаратын болыпты. Оған қоса, Душан Сарач пен Яннис Хеллвиг секілді басқа да бұрынғы BMW инженерлері компанияның өнімділік жүйесін дамытуға кіріскен.
Бүгінде Xiaomi Мюнхен қаласында көлік дизайны мен динамикасы бойынша жоғары білікті инженерлерді іздестіріп жатыр. Бұл – Қытай компаниясының Еуропа нарығында стратегиялық экспансия бастамасы.
Компания ресми түрде Еуропадағы зерттеу және даму орталығының құрылымын жоспарлап жатқанын мәлімдеді. Бірақ инвестициялық көлемі, нақты мекенжайы және іске асыру мерзімі әлі жарияланбады. Шамасы бұл геоэкономикалық құпиялық пен бәсекелестік стратегияның бір бөлігі болуы мүмкін.
Xiaomi бұған дейін электроника саласында жаһандық брендке айналған болатын. Енді электрлі көліктер саласында да өзін көрсетуге дайын. Өткен жылы олар SU7 деп аталатын седан көлігін таныстырып, алғашқы нарықтық сынақтарын бастаған. Компанияның мәлімдеуінше, 2027 жылы Xiaomi автокөліктерінің халықаралық сатылымы басталады.
Осы орайда бір сұрақ мазалайды: Батыс елдері «өнеркәсіптік үстемдік» пен «тарихи легитимділік» жайлы жалаулатып жатқанда, олардың элиталық кадрлары неге Қытайдың корпоративтік экожүйесіне өз еркімен еніп жатыр? Бұл – ғаламдасудың реалды векторы, бұл – трансұлттық интеллектуалдық капиталдың миграциясы.
Біз әлі де өткенге телміріп, қазақтың көлігін армандап отырмыз. Ал Қытай болса, келешекті жоспарлап отыр. Шенеуніктерімізге «отандық автокөлік жасаймыз» деп есеп беру үшін ғана құрастырылған прототиптер емес, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті жүйе керек екенін осы оқиға көзге шұқып көрсетіп отыр.
Сонда дейміз-ау, біз қай бағыттамыз – автоиндустриялық егемендікке бет алған ұлтпыз ба, әлде тек тұтынушылық аумақта қалып қойған баяғы жұртпыз ба?