Юпитер Күн жүйесіндегі ең үлкен ғаламшар болып саналады. Бірақ ғалымдар оның бұрын ойлағаннан сәл ғана кіші екенін анықтады, деп жазады Ertenmedia.kz.
NASA-ның «Юнона» ғарыш аппараты арқылы алынған жаңа деректер Юпитердің өлшемі мен формасын бұрынғыдан да дәл өлшеуге мүмкіндік берді. Бұл ақпарат ғалымдарға алып ғаламшардың ішкі құрылымын егжей-тегжейлі зерттеп, табиғатын терең түсінуге жол ашады.
«Юнона» аппаратының бақылауларына сәйкес, Юпитердің экваторлық диаметрі 142 976 шақырымды құрайды, бұл бұрынғы өлшеулерден шамамен 8 шақырымға қысқа. Ал солтүстік полюстен оңтүстік полюске дейінгі диаметрі 133 684 шақырым болып шықты, ол алдыңғы есептеулерден 24 шақырымға аз.
Жер сияқты Юпитер де мінсіз шар тәрізді емес, ол полюстерден сәл сығылған. Жаңа деректер бойынша бұл сығылу бұрын есептелгеннен де көбірек. Юпитердің экваторы оның полюстеріне қарағанда шамамен 7%-ға кеңірек. Салыстыру үшін: Жерде бұл айырмашылық тек 0,33%-ды құрайды.
Юпитердің бұрынғы өлшемдері 1970-жылдардың соңында NASA-ның «Вояджер» және «Пионер» ғарыш аппараттары жинаған деректерге негізделген. 2011 жылы ұшырылған «Юнона» аппараты 2016 жылдан бастап Юпитердің орбитасында айналып, нақты ақпаратты Жерге жіберіп отыр.
«Юнона» аппараты 2021 жылы миссиясын ұзартты. Бұл ғалымдарға ғаламшардың өлшемін нақтылау үшін қосымша зерттеулер жүргізуге мүмкіндік берді.
«Юнона» Жерден қарағанда Юпитердің ар жағынан ұшып өткенде, оның радио сигналы Жерге жеткенге дейін Юпитер атмосферасынан өтті. Осы сигналдың атмосфера құрамына, тығыздығы мен температурасына байланысты өзгерістерін өлшеу арқылы біз ғаламшардың өлшемі мен формасын дәл анықтадық», – дейді зерттеудің жетекші авторы, Израильдегі Вейцман ғылыми институтының ғалымы Эли Галанти.
Юпитердің нақты өлшемін білу ғалымдар үшін өте маңызды, өйткені оның радиусы ғаламшардың ішкі құрылымы мен атмосферасын зерттеуде негізгі эталон болып саналады.
Юпитердің құрамын және құрылымын түсіну – Күн жүйесінің қалай қалыптасып, дамығанын білу үшін аса маңызды. Себебі Юпитер Күн жүйесінің көп бөлігін құрайтындықтан, оның алғашқы қалыптасу кезеңінде басқа ғаламшарлардың өсуіне және заттардың таралуына үлкен ықпал еткен болуы мүмкін.
Ғалымның айтуынша, су, көмірқышқыл газы мен аммиак сияқты ұшпа заттар Жер сияқты тас ғаламшарларға жеткізіліп, олардың өмірге қажетті атмосферасын қалыптастырған. Сондықтан Юпитердің дәл өлшемі мен ішкі құрылымын білу – ғаламшарлардың пайда болу құпиясын ашуға апаратын маңызды қадамдардың бірі.
Астрологтар бүгін барлық жұлдыз белгілеріне икемді болуға кеңес береді. Күннің энергетикасы жаңа бастамаларға жол ашатынын алға тартып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

