Қазіргі уақытта электромобильдер кең таралғанымен, олардың өрт қауіпсіздігіне қатысты кейбір мәселелер бар. Әсіресе, электромобиль батареясының өртенуі қарапайым көліктерге қарағанда әлдеқайда көп суды қажет етеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Электромобиль батареяларының ішінде жылулық өршу деген процесс басталса, батареяның элементтері қатты қызып, ішінен улы газдар бөлініп шығып, ұзақ уақыт жанып тұратын өрт пайда болады.
Өрт сөндірушілер үшін электромобильдегі өртті сөндіру қиындық тудырады. Себебі батарея ішіндегі химиялық реакция жалғаса береді. Ал бұл өрттің қайта тұтануына себеп болуы мүмкін. Сондықтан, өрт сөндірушілер бірнеше мың литр су жұмсауға мәжбүр.
Халықаралық өрт-құтқару қызметі қауымдастығының (CTIF) дерегінше, АҚШ-та Tesla көлігінің батареясы өртенген кезде оны сөндіруге шамамен 90 000 литр су (24 000 галлон) жұмсалған. Ал EV FireSafe ұйымы бір электромобильдегі өртті сөндіруге кемінде 10 000 литр су қажет екенін мәлімдеді.
Неге электромобиль батареясындағы өртті сөндіру қиын?
Негізгі мәселе аккумулятордың қатты қызып кетуі. Электромобильдің батареясы көліктің төменгі жағында орналасады, оны зақымданудан қорғау үшін берік корпуспен жабдықтайды. Бұл корпус әдетте су өткізбейді, сондықтан өрт сөндіру кезінде оған судың жеткілікті мөлшерде жетуі қиынға соғады.
Сонымен қатар, батареяның орналасуы да өртті сөндіру жұмыстарын қиындатады. Кей жағдайларда өрт сөндірушілер аккумуляторды тиімді түрде салқындату үшін электромобильді арнайы құралдармен көтеріп, еңкейтуге мәжбүр болады. Бұл процесс кезінде өрт сөндірушілер бірнеше шланг арқылы суды түрлі бағытта шашып, батареяны жылдам суыта алады.
Қауіпсіздік шаралары және олардың кемшіліктері
Кейбір өрт сөндірушілер оттегінің батареяға жетпеуі үшін арнайы өртке қарсы жамылғыларды пайдаланады. Бірақ бұл тәсілдің де өз кемшіліктері бар. Жамылғы астында жиналған улы газдар оттегімен әрекеттескенде жарылыс қаупін тудырады. Сондықтан австралиялық EV FireSafe ұйымы өртке қарсы жамылғыларды қолдануға кеңес бермейді.
Дегенмен, электромобильдердің өртке орануы жиі кездеспейтін жағдай екенін атап өткен жөн. Швецияның әлеуметтік қорғау және дайындық басқармасының 2023 жылғы есебіне сәйкес, электромобильдердің арасында жылына орта есеппен 20 өрт жағдайы тіркелген. Ал бензинмен жүретін көліктерде бұл көрсеткіш жылына шамамен 3400 болған.
Электромобильдің батареясы өртенген жағдайда, өртті сөндіру үшін көп су және арнайы әдістер қажет болады. Сондықтан көлік иелері мен өрт сөндірушілер осындай ерекшеліктерге алдын-ала дайын болуы керек.
Электромобильдер Қазақстанда қарқынды дамып келеді, алайда ұзақ сапарға шықпас бұрын арнайы дайындықты талап ететінін білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







