Президент Тоқаевтың 2023 жылдың шілдесінде қабылдаған активтерді қайтару туралы заңы ТМД аумағындағы ең батыл бастамалардың бірі болды.
Қаңтар оқиғасынан кейінгі реформалардың жалғасы іспетті бұл заң ел ішінде заңсыз жолмен жинақталған байлықты мемлекетке қайтарып, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қайта орнатуды көздейді деп жазады Ertenmedia.
Заң бойынша, күмәнді капиталын заңды жолмен дәлелдей алмаған кез келген азаматтың байлығы «шыққан тегі түсініксіз активтер» деп белгіленеді.
Күдікке ілінген адамның активі 13 миллион айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 98 млн доллар) асып түссе, оны арнайы тізімге енгізу мәселесін үкіметтік комиссия шешеді.
Мұндай «қара тізімді» тікелей премьер-министр басқарады, оның құрамына депутаттар, қоғам қайраткерлері мен министрлер кіреді.
Қазір елде активтерді қайтару бойынша екі жол қарастырылған: ерікті және мәжбүрлі түрде.
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің айтуынша, ерікті түрде мемлекетке қайтарылған активтердің жалпы сомасы бүгінде 900 миллиард теңгеге (1,7 млрд доллар) жеткен.
Алайда заңға сәйкес, активтерді ерікті түрде қайтарған азаматтардың есімдері жарияланбайды. «Бұл олардың иелігіндегі компанияларға зиян тигізбеу үшін жасалған қадам», – дейді премьер-министр.
Қайтарылған дүниенің арасында жылжымайтын мүлікпен қатар, бағалы сағаттар, тарихи жәдігерлер де бар. Мысалы, жуырда ғана тарихи артефактілер Ұлттық музейге тапсырылды. Ал аукцион арқылы сатылған мүліктерден түскен қаражат әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталып, арнайы қорда жинақталуда.
2025 жылдың маусым айындағы мәліметке сәйкес, елге 1,2 триллион теңге (2,3 млрд доллар) актив қайтарылған. Оның 770 миллиард теңгесі (1,46 млрд доллар) мемлекет қазынасына түсті.
Бұл қаржының дені әлеуметтік-экономикалық даму жобаларына жұмсалуда. Бүгінге дейін Аршалы ауданында осы қаражат есебінен дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген. Сондай-ақ, Қарағанды және Ақмола облыстарындағы ауызсу мәселесін шешуге қордан миллиардтаған теңге бөлінді.
Мамандардың айтуынша, активтерді қайтару халықаралық деңгейдегі күрделі процесс. Бір азаматты еңбекке жарамды етіп өсіруге мемлекет ондаған жылдар бойы қыруар қаржы жұмсайды. Ал заңсыз шығарылған қаражат ел болашағын ұрлағанмен тең. Сондықтан бұл бастама мемлекеттің болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігі.
Қаржыгер маман Айбар Олжай Қазақстанның бұл қадамын құптап, қайтарылған активтердің ашық түрде қоғам игілігіне жұмсалуы маңызды екенін атап өтті.
Оның айтуынша, «жұмсалған әр тиынның халықтың игілігіне жарағанын ел нақты көріп отыруы тиіс». Бұл тұрғыда үкімет қазірдің өзінде ай сайын қордағы ақшаның қозғалысын цифрлы жүйе арқылы қадағалап, тоқсан сайын есеп беріп отыр.
Айта кету керек, Қазақстан мұндай тәжірибені бұрын да өткерген. 2008 жылы Қазақстан, АҚШ және Швейцарияның ортақ шешімімен құрылған «БОТА» қоры елге қайтарылған 115 млн долларды балалар мен жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыттаған еді.