Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі желіде тараған зейнетақыдан 20 пайыз ұстап қалады деген ақпаратты теріске шығарды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ведомство мұндай мәліметтің шындыққа жанаспайтынын және deepfake технологиясы арқылы жасалған жалған видеолардан тарағанын мәлімдеді.
Министрлік өкілдері зейнетақы төлемдерінен 20 пайыздық ұсталым енгізілді деген әңгіме өтірік екенін ашық айтты. Ресми түсіндіруге қарағанда, белгісіз адамдар ынтымақты зейнетақы 20 пайызға қысқарады деген мазмұндағы жалған видеоларды әдейі таратып жатыр.
Ведомство мұндай материалдардың мақсаты жұртты шатастыру және қоғам ішінде негізсіз алаң көңіл күй туғызу екенін ескертті. Яғни әңгіме нақты шешім туралы емес, қолдан жасалған ақпараттық арандату жайлы болып отыр.
Министрлік 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері, керісінше, болжамды инфляция деңгейіне сай 10 пайызға өскенін еске салды. Бұдан бөлек, базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен көтеру жұмысы да жалғасып жатыр.
Қазір ең төменгі базалық зейнетақы 35 596 теңге көлемінде белгіленген. Бұл күнкөріс минимумының 70 пайызына тең. Ал ең жоғары мөлшер 60 005 теңгеге дейін ұлғайтылған. Ол күнкөріс минимумының 118 пайызы деңгейінде есептеледі.
Бұған қоса
Министрлік бұған қоса 2023 жылдан басталған бес жылдық кезеңдік өсім бағдарламасы жүзеге асып жатқанын атап өтті. Соған сай, ең төменгі базалық зейнетақы күнкөріс минимумының 70 пайызына, ал ең жоғары мөлшер 120 пайызына дейін жеткізілуі тиіс.
Ведомство азаматтарды тек ресми дереккөзге сенуге шақырып, арандатушы видеоларға ермеуге үндеді. Сонымен қатар жалған ақпаратты әдейі тарату Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін де еске салды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







