Glencore компаниясына тиесілі қазақстандық Kazzinc тау-кен кәсіпорны өндірілген металдарын бәсекелестеріне де сатпақшы, деп жазады Ertenmedia.kz.
Bloomberg келтірген деректерге сәйкес, 2026 жылы Kazzinc компаниясы бүкіл мыс өнімін сату үшін ашық тендер өткізеді. Сондай-ақ компания алдағы жылы мырыш пен басқа да металдарды сатуға арналған тендерлер ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұған дейін Kazzinc өндіретін металдарды тек Glencore компаниясының өзі ғана сататын.
Дегенмен, Glencore компаниясы өнімдерді сатып алуға басқа трейдерлердің берген ең жоғары ұсынысымен тең баға ұсыну құқығын сақтап қалады. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам металл саудасы нарығындағы бәсекенің күшейгенін көрсетеді. Соңғы уақытта бұл салаға инвестиция көлемі едәуір артқан.
Айта кетейік, Kazzinc әлемдегі ірі мырыш пен қорғасын өндірушілерінің бірі. Сонымен қатар мыс, алтын және күміс өндірумен де айналысады. Қазақстанның ұлттық әл-ауқат қоры компанияда миноритарлық акционер болып табылады.
Осы уақытқа дейін Kazzinc өнімдерін Glencore компаниясы эксклюзивті түрде сатумен айналысып келген. Бұл өз кезегінде Glencore-дің әлемдік нарықтағы позициясын күшейтуге септігін тигізді.
Бұл өзгерістер әлем елдерінің өз ресурстарын бақылауға алып, олардан түсетін кірісті арттыруға тырысып жатқан кезеңінде іске асырылып отыр. Сарапшылардың айтуынша, Kazzinc компаниясының ашық сауда-саттыққа көшуі Қазақстан үшін де экономикалық тұрғыдан тиімді болмақ.
Айтапқшы, Қазақстан сирек кездесетін минералдарды өңдеуде үш ірі жобаны іске қосуға дайындықты бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

