Қазақстандағы саяси пікірталас соңғы жылдары тек идеялар тартысына емес, көзқарас еркіндігі мен қоғамдық диалогтың өзегені айналып келеді. Таяуда Айдос Сарым қоғамдық-саяси жағдайларға қатысты ойын айтып, сұхбат берген еді. Осы сұхбатта аты аталған саясаттанушы Досым Сәтпаев өз ойын ортаға салды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Демалыс күндері ғана Айдос Сарымның жуырдағы сұхбатымен танысуға уақыт табылды. Бірнеше күн бойы қол тимеген соң, бастапқыда оған арнайы назар аудара қоймас па едім. Ондай үгітке құрылған мәтіндерді оқуға әуес те емеспін. Бірақ сұхбат ішінде менің атым аталғанын білген соң, үнсіз қалмай, қысқаша пікір білдіруді жөн көрдім.
Сұхбатты оқи бастаған сәттен-ақ одан әлдебір адалдықты дәлелдеу, лоялдылықты көрсету ниеті аңғарылғандай әсер қалды. Бәлкім, алдағы саяси мансапқа, бәлкім, жаңа парламенттегі орынға есеп болуы мүмкін. Сол себепті мазмұны да аса тосын болмады.
Жалпы сарыны «кім бізбен бірге болмаса, сол қарсы» деген ескі формулаға келіп тіреледі. Тек бұрынғыдан өткірлеу, агрессивтеу айтылған. Мұндай ұстанымды біреудің жеке саяси кредосы деуге болар. Бірақ елдің тұтастығын ойлайтын, ұлттық диалогты маңызды санайтын нағыз мемлекетшіл адам мұндай ұранды жалау етіп ұстамас еді.
Себебі ол қоғамды жасанды түрде екіге бөледі, өзіміз және бөтендер деп. Ал шын мәнінде бәріміз – бір елдің азаматымыз. Әркімнің әртүрлі ой айтуға құқығы бар. Тек «дұрыс» деп танылған пікір ғана өмір сүруі тиіс деген түсінік елге жақсылық әкелмейді.
Чацкий не деп еді?
Мәселе біреуді міндетті түрде сынауда емес. Әңгіме сынның өзінде де емес, оның қажет болуында. Бір кемеде отырған соң, біз қайда бет алып барамыз, қандай картамен жүзіп келеміз, тізгін кімнің қолында, команда қаншалықты мықты деген сұрақтар үнемі қойылып тұруы керек. Өйткені бір ғана «дұрыс пікір» үстем болған ортада мемлекет көп жағдайда қате бағытқа кетеді. Мұны кешегі Назарбаев дәуірі мен «Титаниктің» тағдыры да көрсетті.
Сұхбаттағы сол «дұрыс пікір» туралы сарын маған бірден өте таныс сюжет болып көрінді. Еске А.С. Грибоедовтың «Ақылдан қайғы» шығармасындағы Фамусов пен Чацкийдің диалогы түсті. Билікті қорғаштаушы Фамусов та кезінде Чацкийге өз пікіріңді қой, одан да қызметке кір, жолың ашылады дегенге саятын әңгіме айтқан. Сонда Чацкийдің «Қызмет етуге қарсы емеспін, бірақ жағынуға жаным қас» деген сөзі шыққан. Заман өзгерсе де, сол диалогтың Қазақстанда әлі күнге дейін өзекті болуы қынжылтады. Негізінде елге қызмет еткісі келетіндер аз емес. Бірақ олардың талабы біреу: қызмет ету бар, жағымпаздану жоқ.
Осы тұста Айдосқа қатысты іштей аздап аяныш та туды. Өйткені мен оны бұрын басқаша танитынмын. Интеллектуал ретінде, кітапқа жақын адам ретінде, өзгенің пікіріне құрметпен қарайтын, дүниені ақ пен қараға ғана бөлмейтін, түрлі реңкті көре алатын адам ретінде білетінмін. Бір кезде оның бүкіл елге ортақ интеллектуалдық мағына өндіретін тұлғаға айналуға мүмкіндігі бар еді.
Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы да соған сенген болар. Бірақ ол басқа жолды таңдады. Ол оның тағдыры. Қалғанына бағаны уақыт береді. Тарих кімнің шын көтерілгенін, кімнің жай ғана су бетінде қалқып жүргенін өзі-ақ айырады. Қазір әрқайсымыз өз пікірімізді айтып отырмыз. Ең маңыздысы – сол пікірдің өмір сүру құқығын мойындау.
Әлеуметтік желі жасандылықты ұнатпайды
Сұхбаттағы тағы бір оғаш тұс әлеуметтік желіні маргиналдардың алаңы ретінде сипаттауы. Бұл сөз, жұмсартып айтқанда, шындыққа жанаспайды. Қазақстан халқының 80 пайыздан астамы әлеуметтік желіні пайдаланады. Олардың ішінде билікте отырғандар да бар. Әлеуметтік желі басынан бастап әртүрлі пікір айту үшін жасалған құрал. Тағы да қайталайын, әртүрлі пікір үшін. Біреуге ұнаса да, ұнамаса да.
Кезінде Айдостың өзі де әлеуметтік желіні билікке қарсы пікір айтып, сарапшы кейпін танытатын басты алаң ретінде пайдаланған. Ол кезде өзін маргинал санаған жоқ. Қазір ұмытып қалған тәрізді. Бірақ әлеуметтік желі ұмытпайды. Жасандылықты да көтермейді. Бәлкім, осы себепті әлеуметтік желіні саяси омыртқасын тым икемдеп жібергендер жақтыра бермейтін шығар.
Негізі қалыпты электоралдық жүйесі бар елде депутат осындай мәлімдемеден кейін саяси салмақтан айырылар еді. Бірақ бізде жағдай басқа. Мұндай сөзден кейін саяси жауапкершілік емес, керісінше, қызметтік өсім күтіп тұруы да ғажап емес.
Айдостың «жайлы аймақтан шығып, шынайы саясатқа келіңдер» деген үндеуіне келсек, мен қазіргі балама пікір айтатын адамдардың өмірінен ешқандай жайлы аймақ көріп тұрған жоқпын. Керісінше, олардың біріне әлеуметтік желідегі қысым, біріне аноним шабуыл, біріне тапсырыспен ұйымдастырылған қаралау науқаны, енді біріне күштік құрылымдардың қысымы төніп тұр. Кейбіріне тіпті басқа «аймақ», яғни темір тор қаупі де сезіледі.
Сұхбатқа қайта оралсақ, ондағы кейбір ойлар әлдебір «кімдерге кезек келді, кімдерге әлі келеді» деген ишарасы бар тізімге ұқсап кетті. Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы «Правда» газетінде біреуді сынап жазылған мақала тәрізді әсер қалдырады. Ал ондай мақаланың соңынан көп жағдайда қара машина келетінін тарих біледі.
Сондықтан мұндай риторика таңғалдырмайды. Бірақ соған қарамастан, тарих айналып келсе де, 1937 жылға қайта бармайды деп үміттенгің келеді. Өйткені геосаяси аласапыран күшейген тұста елге шын мәнінде консолидация керек. Бірақ ол пікір алуандығын тұншықтыру арқылы емес, конструктивті плюрализм арқылы келуі тиіс. Елді топтастыру тазалау әдісімен емес, әртүрлі ойды ести алатын саяси мәдениетпен жүзеге асқанда ғана берік болады.
Ал Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған қайғылы жол апатына байланысты ішкі істер органдарын толық тазалауға шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







