Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Конституциялық комиссияның кезекті отырысында жаңа қоғамдық келісімді қалыптастыру бүгінгі күннің басты талабы екенін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Депутаттың пікірінше, билік пен қоғам арасындағы өзара сенімге негізделген жаңа қоғамдық келісімді қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талабы.
– Қазіргі таңда мемлекеттік басқарудың мазмұны мен архитектурасын түбегейлі жаңарту міндеті қоғам талқысына салынып отыр. Соңғы жылдары қабылданған шешімдер осы мақсатқа жүйелі түрде қызмет етіп келеді. Бұрынғы Президент квоталары мен тағайындаулардан бас тарту арқылы өкілді биліктің дербестігін күшейтуге, саяси жүйені нақты демократияландыруға бағыт алдық. «Тепе-теңдік бар жерде тұрақтылық бар» деген саяси қағидатқа сүйенсек, жүзеге асырылған реформалар билік тармақтары арасындағы теңгерімді нығайтып, институционалдық дамудың жаңа кезеңін қалыптастырды, – деді Жанарбек Әшімжан.
Сонымен қатар ол Халық кеңесі институтының маңызына ерекше тоқталды.
– Құрылтайға Конституциялық сотты, Жоғары аудиторлық палатаны және Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыруға қатысу құқығын беру – осы институттардың тәуелсіздігін арттырып қана қоймай, олардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Халық кеңесі жай ғана консультативтік алаң емес, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің институционалдық көрінісі. Оның ерекшелігі – қордаланған түрлі ұсыныстар мен көзқарастарды бір арнаға тоғыстырып, нақты тетіктерге айналдыруында, – деді депутат.
Жанарбек Әшімжан Халық кеңесіне конституциялық негіз беру стратегиялық тұрғыдан маңызды екенін айтты.
– Барлық этностардың мүддесін қамтитын Халық кеңесі біртұтас Қазақстан халқының мүддесіне қызмет етуі тиіс. Ол ішкі саясат, қоғамдық келісім және ұлттық құндылықтар мәселелері бойынша кәсіби ұсыныстар әзірлей алуы қажет. Кеңеске заңнамалық бастама көтеру және референдум өткізуге ұсыныс беру құқығын беру – басқару жүйесінің институционалдық тұрақтылығын арттырады, – деді ол.
Сөз соңында Жанарбек Әшімжан ұсынылып отырған өзгерістерді мемлекеттің тұрақтылығына салынған ұзақмерзімді инвестиция ретінде атап өтті.
Сайтымызда тағы бір Мәжіліс депутаты Дания Еспаева Конституциялық комиссияның отырысында мемлекетті басқарудың жаңа архитектурасын құру керектігін айтқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

