Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы Баянды ауылының маңында орналасқан тұрмыстық қалдық полигоны толуға таяды.
Полигонның қайта өңдеу қуаты шектеулі болғандықтан, Мұнайлы ғана емес, Ақтау мен Түпқарағаннан да қалдық қабылдап, шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі әрі Экология мәселелері комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин жағдайды өз көзімен көріп, шешім қабылдау үшін полигонға арнайы келді.
Аумағы 25 гектар, пайдалану мерзімі 30 жылға есептелген полигонға түсетін қоқыстың 40 пайызға жуығы кәсіпкерлер күшімен престеліп, ішінара өңдеуге жіберіледі.
Алайда депутат бұл шара толыққанды қайта өңдеу процесінің орнын баса алмайтынын атап өтті.
«Экология құрғақ сөз, жай ұран емес. Президентіміздің өзі тазалық мәселесін ұлттық дүниетанымның бір бөлшегіне айналдыруды міндет етті. Мәжілісте осы бағытта жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Қоқысты тиімді басқару, қалдықтарды қайта өңдеуге ынталандыру және утиль алымын қайта қарау бойынша нақты тетіктер қарастырылуда. Елімізде екі жылға жетпейтін уақытта «Таза бейсенбі» партиялық акциясы арқылы 190 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бұл ауқымды жұмыс жалғасады», – деді депутат Жаңбыршин.
Депутаттың айтуынша, Маңғыстаудың климаттық ерекшелігі, халықтың жиі қоныстануы және өңірдегі белсенді көші-қон ағымы қоқысты сұрыптау мен өңдеуге ерекше талап қоюда. Сондықтан осы мәселені тек полигондар толған кезде емес, заңнамалық деңгейде қатар шешіп отыру қажет.
Бұған дейін…
Еділ Жаңбыршин бұдан бір күн бұрын облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізген еді. Басқосуда тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған заң жобалары талқыланып, ауыз су, жылу мен газбен қамту, МАЭК кәсіпорнын жаңғырту, экология, жер қойнауын пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігі, білім мен денсаулық сақтау салаларының жай-күйі талданды.
Өз кезегінде жергілікті депутаттар білім нысандарының жетіспеуі, жол сапасы мен тарихи-мәдени мұраны қорғау мәселелерін көтерді. Депутат айтылған ұсыныстарды жеке бақылауына алды.
Бұған дейін Жаңбыршин атындағы атышулы заңның күшіне енгенін хабарлаған едік. Бұдан былай елімізде баланың денсаулығы мен дамуына зиянды ақпарат таратуға тыйым салынады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

