WhatsApp мессенджерінде енді 13 жасқа дейінгі балалардың да жеке аккаунтын ашып, қолдануына рұқсат беріледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа функция арқылы ата-аналар жасөспірім балаларына арнап арнайы аккаунттар жасай алады. Бірақ бұл аккаунттарды бақылау тізгіні толығымен ата-ананың қолында болады.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұл өзгеріс WhatsApp-тың «отбасылық өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанын» көрсетеді. Алайда, соңғы уақытта жастар арасында смартфон мен әлеуметтік желілердің зияны туралы қоғамда алаңдаушылық та артып келеді.
WhatsApp бұл шешімді ата-аналардың өтінішімен қабылдағанын атап өтті. «Көптеген ата-аналар бізге хабарласып, балаларына WhatsApp-пен танысуға мүмкіндік беретін және жасөспірімдерге лайықталған интерфейс жасауды сұрады», — делінген компания мәлімдемесінде.
Жасөспірімдердің аккаунттарын ата-анасы немесе заңды өкілдері ашып, үнемі қадағалап отыруы міндетті. Балалардың аккаунттары ата-анасының жеке профилімен байланыстырылады және қоңыраулар мен хабарламалар жіберумен ғана шектеледі. Сондай-ақ ата-аналар балаларымен кім байланыса алатынын, қай топтарға қосылатынын және жеке мәліметтердің қауіпсіздігін өздері реттеп отырады.
WhatsApp-ты қолданатын балалардың нақты саны белгісіз. Себебі, платформа ережесі бойынша 13 жастан төмен қолданушыларға рұқсат берілмегенімен, сервисті пайдалану үшін қолданушының келісімін баса салу жеткілікті.
Әлем бойынша кең танымал WhatsApp мессенджері «Статус» бөліміне түбегейлі өзгеріс енгізіп жатқанын тілшілеріміз жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







