Батыс Қазақстан облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты республикалық бастама аясында өңірлік коалиция өз жұмысын бастады. Алғашқы жиынға коалиция мүшелері, қоғамдық пікір көшбасшылары, мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарының белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аймақтық коалиция құрамына өңірдегі жетекші саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері еніп, жаңа Конституция жобасын жан-жақты талқылап, оның маңызын халыққа түсіндіруде күш біріктіруге келісті.
Облыстық коалиция төрағасы, «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Мұрат Мұқаев жаңа Конституция жобасының елдің дамуы үшін тарихи маңызына ерекше тоқталды.
– Қазіргі кезең еліміз үшін жаңа даму дәуірінің бастауы. Әлем тез өзгеріп жатыр. Осы өзгерістерге ілесу үшін мемлекетіміздің ішкі жүйесін жаңғыртуымыз қажет. Жаңа Конституция еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды құжат. Бұл әділеттілік пен заң үстемдігін нығайтудың негізгі кепілі, – деді Мұрат Мұқаев.
Оның айтуынша, коалиция мүшелері алдағы уақытта өңір тұрғындары арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Жалпы облыс бойынша 700-ден астам ауқымды іс-шара өткізіледі. Оның ішінде халықпен кездесулер, дөңгелек үстелдер, қоғамдық талқылаулар мен ашық диалог алаңдары ұйымдастырылады.
Жиында сөз алған облыстық коалиция төрағасының орынбасары, белгілі журналист, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин қоғамдық диалогтың ашық болуы маңызды екенін атап өтті.
– Конституция заңды құжат қана емес, халықтың келісімі. Әрбір тұрғын ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін терең түсініп, өзін ел болашағына ортақ сезінуі тиіс. Біздің басты міндетіміз – халықты толыққанды әрі объективті ақпараттандыру, – деді ол.
«Ауыл» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов Конституция жобасындағы әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына ерекше тоқталды:
– Ауыл тұрғындары үшін ресурстарды әділ бөлу мен әлеуметтік саясатты нығайту өте маңызды. Ұсынылған өзгерістер әлеуметтік әділдік, еңбек адамын қолдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған.
Конституциялық реформа сенімді нығайтады
«Ақ жол» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Айгүл Түркина жаңа Конституциядағы кәсіпкерлік пен құқықтық кепілдіктердің маңыздылығын атап өтті.
– Бұл құжат меншік құқығын қорғауды күшейтіп, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады. Кәсіпкерліктің өркендеуі тұрақты экономика мен қуатты орта таптың негізі, – деді ол.

«Respublica» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дулат Макатов Конституциялық өзгерістердің саяси жүйені жаңғыртуға оң ықпал ететінін жеткізді:
– Қоғам тиімді мемлекеттік институттарды, ашықтық пен биліктің есепті болуын қалайды. Конституциялық реформа билік пен халық арасындағы өзара сенімді нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік басқаруға белсенді араласуына жағдай жасайды.
Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалының төрағасы Борис Лаврентьев әлеуметтік бағыттағы бастамалардың маңызына тоқталды:
– Жаңа мемлекеттің басты құндылығы – еңбек адамы. Оның құқықтары мен әлеуметтік қорғалуы негізгі назарда болуы тиіс. Біз әлеуметтік әділдік пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін Конституциялық өзгерістерді қолдаймыз, – деді ол.
Жиынға қатысушылар коалицияның қоғамдық ұйымдар, сарапшылар және белсенді азаматтармен ынтымақтастыққа ашық екенін жеткізді. Алдағы уақытта облыс көлемінде халықпен кездесулер, ашық талқылаулар мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілмек.
Жалпы өңірлік коалицияның құрылуы қоғамдық диалогты тереңдету және халықты мемлекеттік реформаларға тартудың тағы бір нақты қадамы болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

