Бүгін елордадағы Maqsut Narikbayev University-де алдағы референдумға дайындық аясында жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған сараптамалық кездесу өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары, қаржы және IT саласының өкілдері, жастар ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан елорда әкімі Жеңіс Қасымбек алдағы референдумның ел үшін маңызы зор екенін атап өтті. Ол Конституция жобасы мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын жеткізді.
«Жаңа Конституцияның басты мәні – адам және оның құқықтары. Себебі азаматтардың құқықтары мен бостандықтары Ата заңның өзегі», – деді әкім.
Жеңіс Қасымбек жаңа Конституцияда «Әділетті Қазақстан» идеясы, «Заң мен Тәртіп» қағидаты, сондай-ақ адами капиталды дамыту мәселелері бекітілгенін айтты.
– Білімге, ғылымға, мәдениет пен инновацияға ерекше назар аударылған. Бұл мемлекеттің стратегиялық басымдығы. Жоба бір палаталы Парламент Құрылтайды қалыптастыруды, сондай-ақ жалпыұлттық диалогтың жаңа алаңы «Қазақстан Халық Кеңесін» құруды көздейді, – деді қала басшысы.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев азаматтардың құқығын қорғаудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, адамның өмірі, құқығы мен бостандығы мемлекеттің ең жоғары құндылықтары. Жаңа Конституция тұжырымдамасы осы қағидатқа негізделгенін жеткізді.

Ол өз сөзінде жоба ешкім шектей алмайтын, ажырамас және айыруға болмайтын құқықтарды бекітетінін және олардың қорғалуға тиіс екенін айтты.
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев сөз сөйлеп, тарихи сабақтастық пен адам әлеуетінің басымдығына тоқталды.
– Барлық ресурс ең алдымен адам әлеуетін дамытуға бағытталады. Жаңа Конституцияда біздің тарихымыз бен шығу тегімізге ерекше орын берілген. Біз Ұлы даланың мыңжылдық тарихы бар ежелгі халықпыз. Сондықтан ата-бабамыздан аманат болған қасиетті жеріміз бен шекарамыз бөлінбейтін әрі өзгермейтін ең жоғары құндылық ретінде бекітілген, – деді депутат.
Ол сондай-ақ жобада алғаш рет дербес деректерді, банк құпиясын, телефон және интернет-хат алмасуларды қорғау, адвокатура мәртебесіне қатысты нормалар бекітілгенін атап өтті.
«Адам өзін заңмен қорғалғанын сезінуі тиіс. Сондықтан адвокаттарға толық тәуелсіздік беріледі, ал әрбір ұсталған адамға оның құқықтары дереу түсіндіріледі. Сот шешімінсіз қамауда ұстау мерзімі қатаң реттелген», – деді Серік Егізбаев.
Биліктің бірден-бір бастауы Қазақстан халқы
Мәжіліс депутаты Марат Башимов Конституцияның құқық қорғау әлеуетіне назар аударды.
– Конституцияның құқық қорғау әлеуеті табиғи құқықтар доктринасына негізделген: адам дүниеге келген соң оның құқықтары оған туғаннан тиесілі. Біз жеке, саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтардың кепілдіктерін күшейттік. Конституция халық егемендігін бекітеді, ең жоғары заңдық күшке ие және тікелей қолданылады. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы Қазақстан халқы, – деді депутат.
Сонымен қатар Башимов құқықтық мемлекет қағидаттарын, Конституциялық соттың тәуелсіздігін, азаматтардың экологиялық құқықтарын, ғылым, білім мен инновация құндылықтарын стратегиялық бағдар ретінде бекіту мәселесін атап өтті.
Өз ұстанымдары жайлы AIX қаржы директоры Жарас Мұсабеков, Amanat партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының төрайымы Ақерке Искандерова және СЕО Codiplay Данабек Қалиаждаров та сөз алды. Олар азаматтардың цифрлық құқықтарының маңыздылығын, IT саласында жас мамандар даярлауды және жастардың қоғамдық даму ісіне белсенді араласуын тілге тиек етті.
Айтқандай, Астанада бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан JOLTAP жобасы тұрғындардың жаңа дағдыларды игеруіне, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды тегін меңгеруіне және табысын арттыруына мүмкіндік беріп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

