Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов білім беру саласы қызметкерлерімен кездесті. Жиында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары, оның қоғам дамуына, әсіресе, білім мен ғылым саласына ықпалы кеңінен талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесу барысында Ата заңға енгізіліп отырған өзгерістердің мазмұны мен маңызы түсіндіріліп, білім беру жүйесін дамытуға бағытталған басымдықтар сөз болды.
Аймақ басшысы атап өткендей, жаңа Конституция жобасы қоғамның кең талқысынан өткен маңызды құжат. Оны әзірлеу барысында азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың ұсыныстары ескерілген.
– Алты ай бойы ел көлемінде ашық қоғамдық талқылаулар ұйымдастырылып, конституциялық өзгерістердің мазмұны жан-жақты сараланды. Конституциялық комиссия жұмысына шамамен 130 сарапшы қатысып, олардың қатарында өңіріміздің де өкілдері болды, – деді Нұрымбет Аманұлы. – Арнайы электронды платформалар арқылы азаматтардан шамамен 10 мыңға жуық ұсыныс түскен. Азаматтардың белсенділігі олардың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Мазмұнды ұсыныстардың барлығы мұқият қаралып, олардың едәуір бөлігі жаңа Конституция мәтінінде көрініс тапты.

Жаңа редакциядағы Ата заңның басты қағидаты – адам, оның құқықтары мен бостандықтары. Сонымен қатар, ел дамуының стратегиялық басым бағыттары ретінде білім, ғылым, мәдениет және инновациялар айқын белгіленген. Бұл салалар ХХІ ғасырдағы ұлттың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлар саналады.
Кездесу барысында білім беру саласына қатысты конституциялық өзгерістерге ерекше назар аударылды. Адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, әділдік пен тең мүмкіндіктер қағидаты әрбір баланың тұрғылықты жеріне, әлеуметтік жағдайына, денсаулық ерекшеліктеріне немесе жеке қабілеттеріне қарамастан сапалы әрі қолжетімді білім алу құқығын толық қамтамасыз ету дегенді білдіреді.
– Әсіресе, бұл қағидат ауылдық аймақтар мен шағын елді мекендер үшін маңызды. Конституциялық кепілдіктер мектеп инфрақұрылымын дамытуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, білім алушылардың заманауи білім беру ресурстарына қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы. – Сонымен қатар, құжатта үздіксіз білім беру жүйесін дамытуға айрықша назар аударылған. Яғни, мектеп қабырғасынан бастап кәсіби және жоғары білім деңгейіне дейінгі білім алу жолы біртұтас жүйе ретінде қарастырылады.
Түйін
Жиын барысында жастардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту, педагогтерді қолдау, ғылымды өркендету және білім беру үдерісіне инновацияларды енгізу мәселелері де қозғалды. Мұғалімдер мен ғалымдар елдің стратегиялық ресурсы ретінде қарастырылып, олардың мәртебесі мен қолдауын қамтамасыз етуге бағытталған конституциялық негіздер бекітіліп отырғаны атап өтілді.
– Облыс әкімі Конституцияның мазмұнын нақты түсіндіріп, білім саласындағы қолжетімділік мәселесіне кеңінен тоқталды. Ұстаздар қауымы алдағы референдумда белсенділік танытып, еліміздегі ең елеулі іс-шараға қолдау білдіреді деп сенемін. Бүгінгі кездесу сапалы әрі мазмұнды болды, – деді Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының директоры Маржан Жакина.

Цифрлық трансформация жағдайында білім беру жүйесін жаңғырту да маңызды бағыттардың бірі ретінде айқындалған. Конституцияда цифрлық сауаттылықты арттыру, заманауи білім беру технологияларына қолжетімділікті кеңейту және білім алушылардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау мәселелері қамтылған.
Айтқандай, Шығыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдары өңірлердің жұмыс тиімділігі рейтингінде көш бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







