Ордабасы ауданында жаңа Конституция бойынша еңбек ұжымымен маңызды ақпараттық кездесу болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері Бостандық Жакей мен Есенғали Бөлебай конституциялық өзгерістерді түсіндіру мақсатында «Темірлан абаттандыру» мекемесінің жұмысшыларымен ашық пікірлесу өткізді.
Жиында конституциялық реформалардың негізгі бағыттары мен халыққа беретін мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. Бұл басқосудың басты ерекшелігі – еңбек адамдарының ұсыныстары мен пікірлеріне басымдық беріліп, сұрақтарға толық жауап алу мүмкіндігі қарастырылғаны болды.
Коалиция өкілі Бостандық Жакей конституциялық өзгерістер қоғам қажеттілігінен туған маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылған реформалар мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттырып, билік пен халық арасындағы байланысты нығайтады. Сондықтан әрбір азамат конституциялық жаңартулардың мәнін түсініп, ел өміріне белсенді араласқаны жөн.

Кездесуге қатысқан Есенғали Бөлебай еңбек ұжымдарының ой-пікірі әрдайым назарда болуы керек екенін айтты. Әсіресе, коммуналдық салада еңбек ететін жұмысшылардың мүдделері мен ұсыныстарын ескерусіз ешқандай реформа тиімді болмайтынын жеткізді.
Еркін форматтағы сұрақ-жауап барысында әр қызметкер пікірін білдіруге мүмкіндік алды. Кездесу қорытындысында мұндай ашық диалог алаңының маңызы зор екені айтылып, алдағы уақытта түсіндіру жұмыстары өзге де еңбек ұжымдарында жалғасатыны атап өтілді.
Күні кеше ғана Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров рефрендумға өңір тұрғындарын белсенді түрде қатысуға шақырып, үндеу жасағанын тілшілеріміз жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







