Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Мәжіліс депутаты, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ жетекшісі Вера Ким Қазақстанда волонтерлікті конституциялық деңгейде ынталандыруды бекіту туралы бастама көтерді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Вера Ким Президенттің волонтерлік қозғалысқа тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Соның жарқын мысалы – биыл 30 қаңтарда өткен ауқымды Еріктілер форумы.
Жаңа Конституция жобасына ұсыныстар қабылдау басталғаннан бері депутатқа волонтерлік ұйымдардан өтініштер үздіксіз түсіп отырған. Олар Конституцияның 31-бабының 2-тармағына «волонтерлік» терминін қосуды сұраған. Осыған орай, депутат әлеуметтік қамсыздандыру мен қайырымдылықпен бірге еріктілердің еңбегін де конституциялық түрде ынталандыруды ұсынды.
Ол қазіргі Конституцияда мемлекет тарапынан қолдау табатын қоғамның қатысу түрлері толық емес екенін айтты. Заңда сақтандыру мен қайырымдылық көрсетілгенімен, азаматтардың жеке әрі ақысыз еңбегі назардан тыс қалған.
Депутаттың айтуынша, еріктілер елдегі төтенше жағдайлар кезінде, ауруханаларда, әлеуметтік мекемелерде қоғамның әлсіз топтарына көмектеседі. Олар қарттарға, балаларға, мүгедектерге, қиын жағдайда қалған отбасыларға қолдау көрсетеді. Мұндай әрекеттер еліміздегі әлеуметтік қолдау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған.
Вера Кимнің пікірінше, Конституцияға «волонтерлік» ұғымын енгізу – бұл норманы мазмұндық тұрғыдан толықтыратын қадам. Өйткені мемлекет тек қаржы-қаражатпен ғана емес, азаматтардың өзінің тікелей қатысуымен де әлеуметтік жауапкершілікті дамытуға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ, Вера Ким халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижелеріне сүйенді. Оның айтуынша, әрбір сегізінші қазақстандықтың волонтерлік тәжірибесі бар. Ресми статистика бойынша, республикада волонтерлік қызметке 300 мыңдай адам тартылған. Сондай-ақ, елімізде 800-ден аса еріктілер ұйымы мен 3,5 мыңнан аса бастамашыл топ жұмыс істейді.
Депутат еріктіліктің қоғамның тұрақтылығы мен әл-ауқатын сақтаудағы рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар ол экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы еріктілер қозғалысының айрықша маңызын айтты. Оның пайымдауынша, еріктілер қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің үлгісін нақты істерімен көрсетіп келеді. Аумақтарды тазалау, ағаш егу, табиғи аумақтарды қорғау, экологиялық білім беру арқылы адамдардың табиғатқа деген қарым-қатынасы өзгеріп, жауапкершілік сезімі артады.
Контекст
Мұндай жобаларға қатысу жастар үшін азаматтық жауапкершіліктің, қоғамдық сананың маңызды мектебі. Еріктілердің экологиялық бастамалары қоғамдағы экологиялық мәдениеттің негізін қалауға септігін тигізеді.
Осы тұрғыда Вера Ким жаңа Конституция жобасында экологиялық мәдениетті мемлекеттік саясаттың іргелі бағыты ретінде бекітудің маңыздылығын атап өтті. Сонда экологияны қорғау бірреттік акция емес, білім беру, құқықтық реттеу және қоғамдық белсенділік арқылы жүзеге асатын стратегиялық бағытқа айналады.
Нәтижесінде, азаматтар қауіпсіз әрі таза қоршаған ортада өмір сүріп, өз денсаулығын сақтай алады. Волонтерлердің қоғамдық белсенділігі мен экологиялық мәдениетті конституциялық тұрғыда мойындау әрбір азаматтың ел болашағын сақтау ісіне қатысуына жол ашады.
Тілшілеріміз Түркияның Оңтүстік Кавказды толық бақылауға алып, Каспий теңізіндегі маңызды энергетикалық ресурстарға ие болғанын талдап жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

