Атыраулық белгілі құқық қорғаушы әрі қоғам белсендісі Әсел Нұрғазиева өмірден өтті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қайғылы хабарды марқұмның туыстары мен әріптестері жеткізді.
Әсел Нұрғазиева қоғамдық маңызы бар істерде белсенділік танытып, әсіресе 2011-2012 жылдары Жаңаөзен оқиғасы кезінде танымал болды. Сол уақытта ол зардап шеккендердің құқықтарын қорғап, ЕҚЫҰ атынан тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысқан еді. Осы еңбегі арқылы оны тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық қауымдастық та таныды.
2012 жылы Нұрғазиева Ақтау қаласында ұсталып, «қоғамдық тәртіпті бұзып, полицияға бағынбады» деген айыппен әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соттың шешімімен оған 12 тәулікке қамау жазасы кесілді. Бұл шешім ел ішіндегі және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының тарапынан сынға ұшырап, белсендіге қысым жасау деп бағаланған болатын.
2016 жылғы жер митингілерінде де ол халықтың сөзін сөйлеп, ұсталған азаматтардың мүддесін қорғаған еді. Соңғы жылдары денсаулығы сыр берсе де, қоғамдық өмірден алыстамай, өзінің азаматтық ұстанымдарына адал болып қалды.
Әсел Нұрғазиева ұзаққа созылған ауыр дерттен көз жұмды. Оның қазасы Атырау облысының құқық қорғау саласы үшін ауыр қайғы болды.

